Қостанайда қару-жарақ дүкеніндегі өрттен кемінде екі адам қаза болды. Бұл жөнінде жергілікті "Наша газета" сайты жазды. Мәйіттерді құтқарушылар үйінділерді аршу кезінде тапқан.
Бұған дейін төтенше жағдай департаменті бір адам қаза болғанын хабарлаған.
Назарбаев даңғылындағы "Оружейная палата" дүкенінде өрт 3 қыркүйекте сағат 11:20 шамасында басталған. Кейін өрт көрші техникалық қызмет көрсететін станция шатыры мен асхана, сегіз жеке үйді шарпыған. Жақын жердегі тұраққа қойылған бірнеше көлік те бүлінген.
Өрт сөндірушілер дүкендегі оқ-дәрі тұтанғандықтан ішке кіре алмаған.
"Өрт сөндіру кезінде 1981 жылы туған дүкен директоры (денесінің 50 пайызы күйіп кеткен, жағдайы ауыр) қалалық ауруханаға жатқызылды. Бұған қоса, 20 және 35 жастағы екі ер адамның мәйіті табылды" деп жазылған төтенше жағдай департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Денсаулық сақтау басқармасы бұған дейін түрлі жарақат алған алты адамның ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған. Бір адам ауруханаға жатудан бас тартқан.
Әзірге толық емес ақпарат бойынша, 2,5 мың шаршы метр аумақ өртеніп кеткен. Өрттің себебі айтылған жоқ.