Accessibility links

Ресей БҰҰ жиынына баратын дипломаттарының виза ала алмағанына "алаңдайды"


Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас ассамблеясының жиынына қатысуы тиіс 56 ресейлік дипломаттың бірде-бірі АҚШ визасын алған жоқ. Арасында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров та бар. Бұл жөнінде Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя хабарлады, деп жазды Reuters агенттігі.

"Кейінгі бірнеше айда АҚШ билігінің бірқатар ресейлік дипломаттарға виза беруден бас тартып жатқаны алаңдатады. Олар БҰҰ-ның ресми шараларына қатысуы тиіс болатын" деп жазылған Небензяның БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттеришке жіберген ресми хатында.

Небензяның айтуынша, виза алуға өтініш АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігіне берілген. Осыған дейін АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі АҚШ барлық елге "өтініштерді ертерек жіберуді ескертті" деген, себебі өтініштерді қарау үшін көп уақыт керек.

"Ресей [АҚШ] елшілігіне қарсы негізсіз әрекет еткеннен кейін мұның маңызы зорая түсті. Елшілік қызметкерлерін күшпен қайтару - штаттың жұмысын шектеп, сәйкесінше виза туралы өтініштерді қарау мүмкіндігі де қиындады" деді аты-жөнін атамаған Америка шенеуніктерінің бірі Reuters агенттігіне.

Осыған дейін Ресей ішкі істер министрі Владимир Колокольцев виза ала алмай, БҰҰ-ның Нью-Йорктегі жиыны – полиция бастықтарының саммитіне қатыса алмаған.

БҰҰ-ның 1947 жылғы “штаб-пәтер туралы келісіміне” сәйкес, АҚШ шетел дипломаттары БҰҰ жиындарына қатысу үшін жағдай жасауы тиіс. Алайда Вашингтонның мәлімдеуінше, “қауіпсіздік, терроризм және сыртқы саясатқа” байланысты АҚШ-тың виза беруден бас тартуға құқығы бар.

XS
SM
MD
LG