Accessibility links

АҚШ елшісі Джон Салливан Ресейдегі жұмысын аяқтап, Мәскеуден кетіп қалды


АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Салливан Михаил Горбачевты жерлеу рәсімінде. Мәскеу, 3 қыркүйек 2022 жыл.
АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Салливан Михаил Горбачевты жерлеу рәсімінде. Мәскеу, 3 қыркүйек 2022 жыл.

АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Салливан осы мемлекеттегі дипломатиялық миссияның басшысы ретіндегі жұмысын тәмамдап, жексенбі, 4 қыркүйек күні Мәскеуден кетіп қалды. Бұл туралы АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігі хабарлады.

АҚШ елшісінің Ресейдегі жұмысы жуық арада аяқталатыны осыған дейін хабарланбаған.

Елшілік ақпаратына сай, Салливан осымен мемлекеттік қызметтегі 40 жылдық мансабын тәмамдамақ. "Салливанның ізбасары" бұл міндетті Элизабет Руд атқарады дейді елшілік. Соған қарағанда, бұл АҚШ пен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас деңгейінің төмендегенін білдірмейді, Мәскеуге жаңа елші келмек.

Содан бір күн бұрын Салливан Совет одағының соңғы басшысы Михаил Горбачевты жерлеу рәсіміне АҚШ делегациясын бастап келген.

Джон Салливан АҚШ-тың Ресейдегі елшісі қызметіне 2019 жылы желтоқсанда, президент Дональд Трамп тұсында тағайындалған. Джо Байден президент болып сайланғанда, ол өз қызметінде қалды. Былтыр сәуірде АҚШ пен Ресей арасы суып кетіп, ол Мәскеуден уақытша кетіп қалған. Алайда сол жылы маусымда екі ел басшылары Женевада кездесіп, елші қызмет орнына оралды.

Ресей Украинаға басып кіргенде АҚШ Салливанды шақыртып алмады, ол өз қызметін жалғастыра берді. Сәуірде Reuters ақпарат агенттігіне берген сұхбатында ол 2020 жылғы қаңтарда Мәскеуге қалай келгенін әңгімелеген. Ол кезде "өте жаман болды, енді одан жаман" де сипаттаған келген күні мен қазіргі жағдайды салыстырып.

2017 жылы АҚШ-тың Ресейдегі елшілігі 1200 адамнан 130 адамға қысқарды. Қалған адамның жартысы теңіз әскерінің сарбаздары мен күзет қызметкерлері. Сәуірде Мәскеу Джон Салливанның орынбасарын елден кетірді. Былтыр мамырда Ресей АҚШ-ты "дос деп санамайтын елдер" қатарына қосып, америкалық елшілікке Ресей азаматтарын жұмысқа алуға тыйым салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG