Accessibility links

Ақтөбеде сот премьерді суретке түсірмек болған журналиске ескерту берді


Журналист Ардақ Ерубаева Қаңтар оқиғасы кезінде хабар таратып жүр. 5 қаңтар 2022 жыл.
Журналист Ардақ Ерубаева Қаңтар оқиғасы кезінде хабар таратып жүр. 5 қаңтар 2022 жыл.

5 тамыз күні Ақтөбенің әкімшілік соты "полицейлердің заңды талабына бағынбады" деп айыпталған журналист Ардақ Ерубаеваға ескерту берді. Ерубаева мен оның адвокаты Сейсембай Ділманов сот шешіміне риза емес. Сондықтан аппеляциялық алқаға шағымданбақ.

- Сот шешіміне риза емеспіз. Себебі бұл істе әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ. Сот қаулысы әзір қолыма тимеді. Қаулыны алған бойда аппеляциялық алқаға шағымданамыз. 31 тамызда ұсталып, Зауыт полиция бөліміне жеткізілген бойда Ардақ Ерубаева адвокат талап еткен. Бірақ талабы қанағаттандырылмаған. Ерубаеваның ісінде өрескел заң бұзушылықтар көп, - дейді адвокат Сейсембай Ділманов.

Журналист Ерубаева облыс әкімдігі маңынан ұсталған 31 тамыз күні де, полиция қызметкерлерінің шағымымен сотқа шақырылған 2 қыркүйекте де адвокат талап еткенін айтады. Бірақ түсініксіз себептермен ол мемлекет кепілдік беретін заң көмегін пайдалана алмаған. Бүгін яғни, 5 қыркүйекте оның құқығын "Әділ сөз" қоры жалдаған адвокат Ділманов қорғайтыны белгілі болған.

Ақтөбеде журналистердің құқығын қорғайтын ұйымдар жоқ. Өзін қорғансыз сезінген тілші бір аптадан бері Қазақстан журналистер одағы Ақтөбе филиалынан да хабар болмағанын айтады. Филиал басшысы Рәукен Отыншиннің сөзінше, ол әріптесінің сотқа тартылып жатқанынан бейхабар.

- Қостанай облысындағы тойға баратын облыс делегациясы құрамында жолға шығып кеткен едім. Өрт шыққандықтан орта жолдан кері қайттық. Сондықтан Ардақ Ерубаеваның үстінен әкімшілік іс қозғалғанынан бейхабармын. Бұл – бір. Екіншіден, Ардақ Ерубаева журналистер одағының мүшесі емес, - дейді филиал басшысы Рәукен Отыншин.

Ақтөбелік журналист Ардақ Ерубаева бірнеше қазақстандық сайтпен әріптес. Ақтөбе полициясының мәліметінше, 31 тамыз күні облыс әкімдігі жанында ол полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған. Яғни, Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайыловтың Ақтөбеге сапары кезінде күзетілетін тұлғаның кортежіне қарай өтуге тырысқан. Полиция "тілшінің үстінде жилеткасы, қалтасында құжаты болмағанын" айтады.

Ардақ Ерубаева үстінде жилеткасы болмағанын растап, "қалтасында құжаты болмады", "кортежге қарай жүгірді" деген айыптауларды жоққа шығарып отыр.

31 тамызда Ақтөбеде Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайыловты суретке түсірмек болған журналист Ерубаеваны полиция ұстап әкетіп, бөлімшеде үш сағаттай ұстап, "түсіндіру жұмысын" жүргізген болатын. Зауыт полиция бөлімшесіне жеткізілгеннен кейін ол "кәсіби қызметіне кедергі келтірген" полиция қызметкерлерінің үстінен шағым жазғанын айтты.

Ардақ Ерубаева биылғы Қаңтар оқиғасынан кейін де "үйімді санкциясыз тінтті" деп полицияның өзіне шағымданған. Бірақ бұл шағым бойынша ішкі істер органдарынан еш жауап болмаған.

2022 жылғы 7 қаңтарға қараған түні полиция ақтөбелік журналист Ардақ Ерубаеваның пәтерін тінтіп, өзін учаскеге алып кеткен еді. Полицияның қолында санкцияланбаған тінту туралы қаулы болған.

Тілшінің сөзіне қарағанда, полиция Қаңтар оқиғасынан хабар таратқан оны түнгі сағат 2-ге дейін департаментте ұстап, елде сот шешімі бойынша "экстремистік ұйым" деп танылған, Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған "ҚДТ-ға қатысы бар-жоғын тергеген". Артынша босатып, бірақ телефонын алып қалған. Ол кезде Ерубаеваның қолында қызметтік құжаты болған. "Пресса" деген жазуы бар кеудеше де киген.

Ардақ Ерубаева бұл жолы да полиция қызметкерлеріне журналист куәлігін көрсеткенін айтады.

Қазақстанда журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау қылмыс саналады, ол үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, журналистердің жұмысына кедергі келтіргені жайлы шағымдарының көбі аяқсыз қалады. “Шекарасыз тілшілер” халықаралық ұйымы жасаған “Сөз бостандығы индексінде” Қазақстан 180 елдің ішінде 122-орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG