Accessibility links

Түркия түркімен азаматтарын визасыз кіргізе беретін. Енді Ашғабат виза режимін сұрап отыр


Ашғабат Анкарадан Түркияға баратын түркімен азаматтрынан виза талап етуді сұрап отыр. Бұл туралы Түркіменстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады. Түркімен билігінің бұл қадамы Түркиядағы түркімен құқық қорғаушыларының санын азайту амалы деп қарастырылып жатыр.

Түркіменстан сыртқы істер министрлігінің жазуына қарағанда, "Түркіменстан азаматтарының Түркияда жүру ережелерін жақсарту үшін Анкараға виза режимін енгізу өтінішін жасаған".

Азаттықтың түркімен қызметі егер Түркия виза режимін енгізсе, онда жұмыс істеп жүрген мыңдаған түркімендерге кері әсерін тигізетінін жазды.

Қазір Түркіменстан азаматтары Түркияға визасыз кіріп, 30 күн тіркеусіз жүре алады. Сонымен бірге қазір Түркия еңбек мигранттары үшін де ыңғайлы елдердің біріне айналған. Түркия миграция қызметінің 1 қыркүйектегі дерегіне қарағанда, онда 230 мың түркімен азаматы тұрақты тіркеуде болған. Бірақ бейресми дереккөздер елде заңсыз жүрген түркімен азаматтары көп екенін, олардың саны ресми деректегіден едәуір асып кететінін айтады.

Осыдан үш ай бұрын Түркияда жүрген бір топ түркімен Түркіменстанның бұрынғы президенті, қазіргі президенттің әкесі Гурбангулы Бердімұхамедов пен бірқатар лауазымды тұлғаны адам құқығын бұзды деп сотқа берген.

Өткен айда Ыстанбұлдағы Түркіменстан консулдығында Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедовке наразылық хатын өткізбек болған бес түркімен азаматы шабуылға ұшырады.
Түркияда тұратын түркімен азаматтары көп жыл бойы төлқұжатын жаңартуда түрлі кедергілерге тап болып отыр. Олар Түркиядағы құжаттарын реттеу үшін түркіменстандық төлқұжатын жаңартып отыруы тиіс.

Түркиядағы түркімен азаматтары сондай-ақ шетел елде жүрсе де, түркімен билігінің қудалауына ұшырап отырғанын айтады.

Түркіменстан әлемнің ең жабық, әрі ең қатты репрессиялаушы елдердің қатарына жатады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG