Қарақалпақстанда шілде айындағы оқиғаларды зерттеу жөніндегі комиссия мүшелері Үргеніш қаласында №11 тергеу изоляторында отырған Дәулетмұрат Тәжімұратовпен кездесті.
Комиссия мүшелері Нөкістегі оқиғадағы басты кейіпкерлердің бірімен нақты қай күні кездескенін омбудсменнің ақпарат қызметі хабарламады.
Мәліметке қарағанда, жүздесуде Дәулетмұрат Тәжімұратов адвокат алғанын, онымен кездесіп тұруға ешкім кедергі жасамағанын, бұған қоса аз уақыт отбасы мүшелерімен қауышқанын, сырттан әкелінген заттарды алып тұратынын айтқан.
Тәжімұратов тергеу изоляторында, тергеу барысында да қысым көрсету, кемсіту, азаптау секілді жайттар болмағанын мәлімдеген. Абақты тамағы мен жасалған жағдайға шағымы жоқ.
Дәулетмұрат Тәжімұратов Нөкістегі оқиғаларды ұйымдастырды деген күдікпен ұсталған белсенді. Ол Өзбекстан Конституциясында Қарақалпақстан мәртебесін өзгертуге қарсы шығып, отандастарын 5 шілдеде бейбіт митингіге жиналуға үндеген. Тәжімұратовты ұстап әкеткен соң Нөкістегі наразылық акциясы жалпыұлттық сипатқа ие болды.
Өзбек билігі наразылық кезінде 18 адам қайтыс болып, 243-і жараланып, 500 адам ұсталды деп мәлімдеген. Шетелде қашып жүрген "Алға, Қарақалпақстан" партиясының лидері 15 тамызда "Медиазона" басылымына берген сұқбатында "Нүкісте екі күнде 300-ден астам адам қаза тапты, он мыңдаған адам абақтыға қамалды" деген.
ПІКІРЛЕР