Accessibility links

Қаңтарда "азапталғандар" айыпталушы полицейлерді қамауға алуды талап етті. Сот шағымды қанағаттандырмады


"Қаңтар оқиғасынан кейін азапталдық" деген жәбірленушілер сот процесінде тұр. Талдықорған, 9 қыркүйек 2022 жыл.
"Қаңтар оқиғасынан кейін азапталдық" деген жәбірленушілер сот процесінде тұр. Талдықорған, 9 қыркүйек 2022 жыл.

Талдықорғанда "Қаңтар оқиғасынан соң ұсталғандарды азаптады" деп айыпталған полицейлердің сотында жәбірленуші тараптың адвокаты судьядан кепілмен бостандыққа жүрген айыпталушыларды қамауға алуды сұрады.

- Құрметті сот, сотталушылар полиция департаменті қызметкерлері екенін ұмытпауымыз керек. Айыпталушылар - үш тергеуші және екі инспектор. Прокурор айыптау актісін оқығанда "олар қылмыс жасағанда кәмелетке толмаған балалар екенін білді" деді. Демек біле тұра олар азаптауды жалғастырды, - деді адвокат Әсем Түсіпова судья Бекмұрат Дүйсенбековке қайырылып.

Бірақ судья Дүйсенбеков "адвокаттың негіздемесі толық емес" деп бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандарды азаптады деп айыпталған полиция департаменті қызметкерлері Кенжебаев, Тоқташ, Нұртаза, Боқанов, Жұмашев қазір кепілмен бостандықта жүр я үйқамақта.

Бұл іс бойынша 23 жәбірленуші бар. Қаңтар оқиғасынан соң ұсталып азапталдық деген азаматтар мен олардың жақындары соттың өтуіне наразы. Олар сотқа шақыру дұрыс болмағанын, екі отырыстың өткенін білмей қалғандарын жеткізді. Тағы бір жәбірленуші Теңізбаев "мені азаптаған екі адам мүлде істе жоқ. Үтікті қыздырған адамды да айттым, бірақ тергеуде жоқ" деді.

Сотқа келгендердің арасында "алты қабырғам, екі аяғым сынды, омыртқам қисайған" деген жас жігіт "сотқа көңілім толмайды, олардың сот кезінде де қамалғанын қалаймын" деді.

Сотқа Қаңтар оқиғасынан кейін үтікпен азапталған Азамат Батырбаев та келді. Бірақ ол сотқа жәбірленуші ретінде емес қарапайым азамат ретінде қатысты.

- Басында жәбірленуші 27 адам болғанбыз. Ішінде мен де бар едім. Кейін бірнеше адамды алып тастаған. Себебі мен үтік басқан адамды танымай тұрмын, мен маскада болған едім. Сондықтан істен мені алып тастап отыр, - деді ол.

Қаңтарда "азаптаған" полицейлердің соты
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:26 0:00

Қазақстанда қаңтарда болған қанды оқиғадан 238 адам қаза тапқаны хабарланған, оның ішінде алты адам тергеу кезінде азаптаудан көз жұмған.

Қазақстанда Қаңтар оқиғасына байланысты мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру", "қару-жарақ сақтау" сынды айыптар тағылды. Ұсталғандардың дені тергеу кезінде азапталғанын мәлімдеді.

Ал Азамат Батырбаев Талдықорғанда Қаңтар оқиғасынан кейін "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген күдікпен қамауға алынған. Жергілікті БАҚ оны бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев ескерткішін құлатуға қатысты деп сипаттайды. Қаңтардың соңында әлеуметтік желіде Азамат Батырбаевтың қолы мен денесі көгерген, күйген ізі көрінетін фотосуреті жарияланған. Оның туыстары Азаматты ұрып-соққанын, денесін үтікпен күйдіргенін мәлімдеген.

Кейін Батырбаев "кінәсін мойындап", тергеумен келісімге келгені хабарланған еді. Осыдан соң сот оны төрт жарым жыл шартты жазамен босатқан.

2 қаңтарда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газ бағасының көтерілуіне қарсылықтан бастау алған жаппай наразылық бірер күнде Қазақстанның барлық облысын қамтыды. Бірқатар қалада наразылықтың аяғы қантөгіске ұласты.

Құқық қорғау ұйымдары Қаңтар оқиғасын тергеуге халықаралық мамандарды шақыруды сұраған. Бірақ билік оның қажеті жоқ деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG