Accessibility links

Зейнет жасын төмендетуді талап етіп жүрген бір топ әйел еңбек министрімен кездесті


Әйелдердің зейнет жасын төмендетуді талап етіп жүрген бір топ әйел Министрліктер үйі алдында. Нұр-Сұлтан, 9 қыркүйек, 2022 жыл.
Әйелдердің зейнет жасын төмендетуді талап етіп жүрген бір топ әйел Министрліктер үйі алдында. Нұр-Сұлтан, 9 қыркүйек, 2022 жыл.

Жұма, 9 қыркүйекте әйелдердің зейнет жасын 58-ге түсіруді талап етіп жүрген "Қазақстан әйелдері" тіркелмеген қозғалысының белсенділерін Нұр-Сұлтанда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қабылдады. Айтуларына қарағанда, оларды министрдің өзі шақырған. Кездесуге журналистер қатыстырылмады.

Жиынға 11 әйел қатысқан. Оларды Тамара Дүйсенова мен бірнеше депутат қабылдаған. Билік өкілдері әйелдердің талабын тыңдап, жаңадан дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте әйелдерді зейнетке шығару жүйесін өзгертуге уәде берген.

"Қарашада дайын болатын Әлеуметтік кодекске сай, жұмыс істеп жүрген әйелдер 58 жасқа толғанда, жұмыс берушіге арыз жазу арқылы өз еркімен зейнетке шыға алады. Мұндай жүйе "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясында бұрыннан бар екен. Енді сол жүйені республика бойынша енгізбек. Министр солай деді. Талабымыз жартылай болса да орындалатынына қуандық" дейді министрмен кездесіп шыққан әйелдердің бірі Жанар Балабекова.

Министрдің қабылдауына Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласынан келген адамдар қатысқан.

Кездесуден бұрын Азаттық тілшісімен сөйлескен белсенділердің айтуынша, олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыру шешімімен келіспейді. Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында "қоғам талабын ескере отырып" осындай ұйғарымға келгенін айтқан. Бірақ президент одан кейін зейнет жасы қалай өзгеретінін ашып айтқан жоқ.

Белсенділердің негізгі талабы – әйелдердің зейнет жасын 58-ге түсіртіп, оны қабылданғалы жатқан Әлеуметтік кодекске енгіздіру.

– 2019 жылы аяқтан жүре алмай қалдым. Жұмысым ауыр. 50 жастан кейін адамның денсаулығы жақсармайды, нашарлай береді. Ал 58 жастан кейін адамның физикалық күші сарқылып, ойлау қабілеті төмендейді. Әйелдердің көбі 61 жаста жұмысқа мүлде жарамсыз болып қалады. Сондықтан бізді 58 жаста зейнетке шығаруын талап етеміз, – дейді министрмен кездесуге келген Қарағанды облысының тұрғыны Құралай Хасенова.

Қозғалыс көшбасшысы Майкен Бекарыстанованың сөзінше, зейнет жасын 58-ге төмендету талабын қолдайтындар өте көп. Жол алыс болғандықтан, кездесуге шалғайдағы өңірде тұратын әйелдер келе алмаған.

– Былтыр қазан айында зейнет жасын төмендетуге байланысты петиция жарияладық. 836 мыңнан астам адам қолдап дауыс берді. Әлеуметтік желілердегі парақшамыз бен мессенджерлердегі чаттарымызда мыңдаған қолдаушымыз бар. Олардың бәрімен байланыстамыз. Талабымыз орындалмаса, күрес жалғаса береді, - дейді астаналық Майкен Бекарыстанова.

Қазақстандағы белсенді жұрт көптен бері әйелдердің зейнет жасын төмендетуді талап етіп келеді. Тамыздың соңында бірнеше қалада осы талаппен бейбіт митингілер өтті.

Билік әйелдердің зейнет жасын 2018 жылдан бері жыл сайын алты айға өсіріп келеді. 2022 жылдан бастап әйелдер зейнетке 60,5 жаста шығатын болған. Бастапқы жоспар бойынша, 2027 жылға дейін бұл меже 63-ке келіп тоқтауы керек еді.

"Белсенділігім жұмысыма әсер етеді". Краншы һәм белсенді Сәуленің қауіпті жұмысы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:22 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG