Accessibility links

"Көзқарасыңыз Ресейдің дамуын тежейді". Мәскеу депутаттары Путиннің отставкасын талап етті


Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

Мәскеудің Ломоносов муниципалды округының депутаттары Ресей президенті Владимир Путиннің отставкасын талап етті. Президентке жолдаған мәлімдемесінде олар ауыспалы биліктің маңызды екенін алға тартып, Путиннің екінші мерзімінен кейін "барлығы құрдымға кеткенін" айтты. Депутаттардың президентке мәлімдеме жолдау туралы хаттамалық шешімі округтың ресми сайтында жарияланды.

Депутаттардың жазуынша, Путин мен айналасындағылардың агрессия сарыны қырғи-қабақ соғыс кезеңін еске салып, Ресейді артқа тартып жатыр. Елдің жалпы ішкі өнімі еселеп артқан жоқ, ал ең төменгі жалақы айтылған көрсеткішке жетпеген. Ресейден ақылды, қабілетті адамдар жаппай кетіп жатыр, ал тұрақтылық атымен жоқ.

Осыған орай олар президентті қызметінен кетуге үндеген.

"Сіздің көзқарасыңыз, басқару моделіңіз әбден ескірді, Ресейдің дамуы мен азаматтарының потенциалын тежейді" деп жазды муниципал депутаттары.

Ломоносов округының депутаттары сонымен бірге Мәскеу мэрі Сергей Собянинге де қайырылған. Олардың жазуынша, Мәскеуде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі істемейді, ал аудандық деңгейде қос билік қалыптасқан. Бұл жергілікті тұрғындар мен олардың өкілдерінің кез келген бастамасын орта жолда қалдырып отыр.

  • 7 қыркүйекте Петербургте де Смольнинское муниципалды әкімшілік депутаттары мемлекеттік думаға қайырылып, президент Владимир Путинді мемлекетке сатқындық жасады деп айыптауға және оны қызметтен кетіруді талап етуге үндеген. Петербург депутаттарының пікірінше, Путиннің Украинаға басып кіру туралы шешімі Ресей мен азаматтарының қауіпсіздігіне қатер төндіреді. 9 қыркүйекте мәлімдемеге қол қойған депутаттар полицияға шақырылып, олардың үстінен Ресей армиясының беделіне нұқсан келтіру бабы бойынша хаттама толтырылған.

XS
SM
MD
LG