Accessibility links

Ұлыбритания патшасы ІІІ Чарльз халыққа алғашқы мәлімдемесін жасады


Ұлыбритания патшасы ІІІ Чарльз халыққа алғашқы мәлімдемемен шықты. Мәлімдеме 8 қыркүйекте 96 жасында көз жұмған анасы ІІ Елизавета патшайымға арналды.

Патша мәлімдемеде анасы ІІ Елизаветаның өмір бойы британ халқына қызмет еткенін атап өтті. Оның батылдығы мен борышына адалдығы адамсүйгіштік, әзілді түсіне білу және адамдардан үнемі жақсылықты көру сияқты қасиеттермен ұштасып жатыр деді патша мәлімдемесінде.

ІІІ Чарльздың айтуынша, анасы таққа күрделі кезеңде – Ұлыбритания Екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан толық арылмай тұрған шақта келген. Оның билігі тұсында британ қоғамы өзгеріп, түрлі ұлт және дін өкілдерінен құралған қоғамға айналған, мемлекетті басқару принциптері де өзгеріске ұшыраған. Алайда патшаның айтуынша, британ монархиясының принциптері мен құндылықтары, англикан шіркеуі, парламенттік басқару өзегінің дәстүрі мен еркіндіктері айнымаған күйі қалады.

ІІІ Чарльз британ азаматтарына қайырылып, конституциялық тәртіп негізінде өмір бойы халыққа "адал, құрмет және махаббатпен" қызмет етуге уәде етті.

ІІІ Чарльз бұрынғыша қайырымдылықпен көп айналыса алмайтынын мойындап, алайда бастаған жобалары аяқсыз қалмайтынын жеткізді. Ол 17 жыл тұрып келе жатқан әйелі Камиллаға алғыс айтып, әйелінің королева-консорт міндетін абыроймен атқаратынын жеткізді.

Оның айтуынша, Уэльс ханзада және ханшайым атағы үлкен ұлы, ендігі тақ мұрагері Уильям мен оның әйелі Кэтринге берілмек. Ол кіші ұлы ханзада Гарри мен оның әйелі Меганға "мұхиттың ар жағында бақытта өмір тіледі".

Оның айтуынша, патшайым ІІ Елизаветамен қоштасу рәсімі келесі аптада өтеді.

ІІ Елизавета - Ұлыбритания тарихында тақта ең көп отырған монарх. Ол 70 жыл Ұлыбритания патшайымы болды.

XS
SM
MD
LG