Accessibility links

Өзбекстан: "ДХР" мен "ЛХР"-ды мойындамайтынын мәлімдеген сыртқы істер министрі Камиловты Норов алмастырды


Владимир Норов
Владимир Норов

Өзбекстан парламентінің депутаттары 9 қыркүйекте Владимир Норовты сыртқы істер министрі қызметіне бекітті.

Ведомствоны 2012 жылдан бері басқарған Әбділазиз Камилов сәуірде қызметінен кеткеннен кейін Норов осы міндетті уақытша атқарушы болып бекітілген еді.

Наурызда Камилов Өзбекстан Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығын мойындайтынын мәлімдеген. Сонымен бірге Өзбекстан Донбастағы өзін республика жариялап алған сепаратистік құрылымдар – "Донецк халық респуликасы" мен "Луганск халық республикасын" мойындамайтынын айтқан.

Өзбекстан сыртқы істер министрі бұл пікірін Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше апта өткен соң мәлімдеген.

Мәлімдемедан кейін бірнеше апта өтісімен сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Камиловтың шетелде емделіп жатқанын хабарлады. Сәуір соңында ол қызметінен кетіп, Өзбекстан президенті жанындағы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының сыртқы саясат және қауіпсіздік бойынша орынбасары болып тағайындалды.

Владимир Норов 1955 жылы туған. 1976 жылы – Бұқара мемлекеттік педагогикалық институтын, 1985 жылы СССР ІІМ академиясын тәмамдаған. 1990 жылы СССР ІІМ академиясының адъюнктурасын бітірген.

Осыған дейін Өзбекстанның Германия, Швейцария, Польша, Бенилюкс елдеріндегі елшісі болды, Өзбекстанның ЕО мен НАТО-дағы миссиясының жетекшісі қызметін атқарған. 2006-2010 жылдары сыртқы істер министрлігіне жетекшілік етті.

Президент жанындағы стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институтының директоры, Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы болған.

Сарапшылардың айтуынша, Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін постсоветтік Орталық Азия елдері Мәскеуден алшақтауға тырысып жатыр. Бес елдің бірде-бірі әскери басқыншылықты қолдаған жоқ. Қазақстан мен Өзбекстан Украинаның территориялық тұтастығын қолдайтынын ашық мәлімдеп, Киевке гуманитарлық көмек жіберген.

XS
SM
MD
LG