Accessibility links

Ресейде губернаторлар мен аймақтық дума депутаттарын сайлап жатыр


Ресейліктер жергілікті деңгейдегі әкімдері мен заң шығарушыларына дауыс беріп жатыр. Бұл – Украинадағы басқыншылық соғыс басталғалы өтіп жатқан алғашқы сайлау.

11 қыркүйектегі дауыс беру ірі саяси өзгеріске әкелуі екіталай, ал Украина тақырыбы сайлауалды науқан кезінде санаулы жағдайда ғана аталды. Сайлауалды үгіт-насихатта көбіне транзиттік инвестициялар, қоршаған ортаны қорғау, ескі үйлер мәселесі қозғалды.

Калининград эксклавынан Бурятияға дейінгі барлық 15 өлкеде губернаторын не жоғары лауазымды атқарушы билік өкілін сайламақ. Ал үш өлкеде жергілікті заң шығарушы орган мүшелеріне дауыс береді.

Мәскеуде дауыс беру 9 қыркүйекте басталған. Тұрғындар 125 аудандық мәслихаттың депутаттарын сайламақ. Бұл мәслихаттар көбіне үй алдындағы ойын алаңқайлары, қоқысты шығару секілді тұрмыстық мәселелерді шешуге ықпал ете алады.

Мәскеу көшесінде жасалған сауалнамалар азаматтардың дауыс беруге құлшыныс танытып отырмағанын көрсетті.

"Дауыс бергенді ұнатсаңыз, барып дауыс бере беріңіз" деді Университет метро станциясында тұрған бір адам аты-жөнін айтудан бас тартып. "Мен оған бас ауыртқым келмейді".

"Біз жүйе ішінде өмір сүреміз. Осында жұмыс істейміз, сол себепті жүйе ережелеріне бағынуымыз керек" деді өзге бір адам аты-жөнін атаудан қашып. "Сондықтан олар маған дауыс бер десе, мен дауыс беремін".

Украинаға басып кіргелі Кремль тәуелсіз оппозициялық партиялар мен азаматтық қоғам топтарын одан әрі қыса бастады. Сол себепті биліктегі "Единая Россия" партиясы толық жеңіске жетеді деп күтіліп отыр.

Негізгі оппозициялық күш әлі де Алексей Навальный құрған коррупциямен күрес қоры болып отыр. "Новичок" уымен уланып, өлім аузынан қалған оппозициялық саясаткер Алексей Навальный саяси астары бар деген істермен түрмеде отыр.

Осыған дейінгі жергілікті сайлауда Навальный тобы "ақылмен дауыс беру" тәсілін қолданған. Навальный жақтастары әрбір сайлау округында "Единая Россия" партиясының өкіліне балама кандидатты анықтап, соған дауыс беруге шақырған.

Оппозициялық топ "ақылмен дауыс беру" тәсілін осы жолғы сайлауға да қолданбақ. Бірақ Навальныйдың орынбасары, қазір шетелде жүрген Леонид Волков бұл жолы осы әдісті тек Мәскеуде қолданатыны мәлімдеді. Волковтың сөзінше, "ақылмен дауыс беру" әдісіне лайықты деген кандидаттар Украинадағы соғысты қолдаған, сол үшін олар либералды саясаткерлері көп деген Мәскеумен шектелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG