Accessibility links

Қаңтар оқиғасынан соң алты жылға сотталған Әлібек Иманбековтың әйелін белгісіз біреу соққыға жықты


Қаңтар оқиғасы кезінде "қару-жарақ ұрлады" деген күдікке ілініп, алты жылға сотталған Әлібек Иманбеков және әйелі Баян Шырынбекова сотта. Алматы қаласы, 11 шілде 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде "қару-жарақ ұрлады" деген күдікке ілініп, алты жылға сотталған Әлібек Иманбеков және әйелі Баян Шырынбекова сотта. Алматы қаласы, 11 шілде 2022 жыл.

Қаңтардан соң "заңсыз қару ұрлады" деген айыппен алты жылға сотталған Әлібек Иманбековтың әйелі Баян Шырынбекованы түрмеге бара жатқан жолда такси жүргізушісі соққыға жыққан. Полиция бұл іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындады.

Оқиға 9 қыркүйекте түс қайта Алматыда болған. Баян Шырынбекованың айтуынша, алдағы аптада этаппен басқа аймаққа жөнелтілуі тиіс күйеуін көріп қалу үшін СИ-18 тергеу изоляторына бармақ болып, жолдан такси ұстаған.

– Жүргізушімен бірден келістік, ол мені СИЗО-ның алдына дейін апаруы тиіс еді. Алайда ол жолдан бір жерге соғып әйелін салып алды. Содан соң түрмеге жақындамай шамамен бір шақырым жерден тастап кетпек болды. Мен "біз келісіп едік қой, көлікпен ештеңе емес, маған жаяу қиын" дедім. Ол ашуланып кетіп, мені төмпештей бастады, – дейді ол.

Баян Шырынбекованың айтуынша, бұл кезде тергеу абақтысына жақындап қалған, көліктің ішінде соққыға жығылып жатқанда сол түрмеге келіп тұрған басқа адамдар да көріп қалған, полиция келіп әрең ажыратып алған.

Азаматтық белсенді Инга Иманбай Facebook-те жариялаған видеода полицияның Баян Шырынбекованы ажырата алмай біраз тұрғанын көруге болады.

– Жағдайым өте нашар. Басым қақсап тұр. Төбемнен, оң және сол жақ самайымнан, сол жағымнан қатты соққылар алдым. Алғашқы күні ет қызумен білмедім. Қазір орнымнан тұра алмай жатырмын. Дәрігер миымның шайқалып, бұлшық еттерім созылып, буындарым жарақаттанғанын анықтады, – дейді Шырынбекова.

Азаттық полицияға қоңырау шалған еді. Бірақ телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Баян Шырынбекова полицияның сот-медициналық сараптама тағайындап, қаулының көшірмесін берді. Қаулыда көлік жүргізушісінің 1993 жылғы азамат екені, аты-жөні жазылған.

Шырынбекова бұл жағдайды өзіне әдейі жасалған қастандық болуы мүмкін дейді. Оның айтуынша, Қаңтар оқиғасынан бері өзін үнемі қара киім киген белгісіз біреулер аңдып, суретке түсіретінін, кім екенін сұрағанда жергілікті газеттердің бірін атап, сонда қызмет ететінін айтады.

– Әлібектің апелляциясынан кейін де біреулер қоңырау шалып, "шулатпай тыныш отырыңыз. Шартты түрде жазамен шығарып береміз" деп айтқан жағдайлар да болды, – дейді ол.

"Анама не деп айтамын?" Қаңтарда "қару ұрлады" деп айыпталған Иманбеков түрме жазасына кесілді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:52 0:00

Баян Шырынбекова 2015 жылдан бері эпилепсиямен ауыратындықтан, арнайы есепте тұратынын, сол себепті мүгедектігі бар екенін айтады.

33 жастағы Әлібек Иманбеков сот шешімімен 11 шілдеде Қаңтар оқиғасы кезінде "қару-жарақ ұрлады" деген айыппен алты жылға сотталған. Ол айыбын мойындаған жоқ. Оған Қылмыстық кодекстің "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу" деп аталатын 291-бабы бойынша айып тағылған. 5 қыркүйекте сот оның апелляциялық арызы қанағаттандырмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG