Accessibility links

Ресей бақылауындағы украиналық Запорожье АЭС-інің реакторлары түгел тоқтады


Запорожье атом электр станциясы.
Запорожье атом электр станциясы.

11 қыркүйекке қараған түні Запорожье атом электр станциясының жұмыс істеп тұрған соңғы блогы энергиялық желілерден ажыратылды. Қазір блокты суытып, салқын күйге ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Украинаның "Энергоатом" концерні хабарлады.

Запорожье АЭС-і Запорожье облысы Энергодар қаласында орналасқан. Украинаның бұл қаласын Ресей күштері бақылауда ұстап отыр. Алтыншы энергиялық блоктың тоқтағанын оккупациялық әкімшілік те растады.

"Энергоатомның" мәліметінше, кейінгі үш тәулікте алтыншы энергиялық блок станцияның тек өз мұқтаждығын өтеу үшін жұмыс істеген. Ведомствоның хабарлауынша, Ресейдің атқылауынан станцияны Украина энергия жүйесімен байланыстыратын желілердің бәрі зақымданған. Ал Ресей болса, атысты Украина әскері жүргізіп отыр дейді.

Запорожье АЭС-інде жағдайға байланысты БҰҰ мен әлемнің көптеген елі алаңдаушылық білдірді. Мұның алдында станцияға МАГАТЭ миссиясы келген. 6 қыркүйек күні ұйым станциядағы жағдай жөнінде есебін жариялаған. МАГАТЭ инспекторлары бірқатар кемшіліктерді атап өткен. Соның ішінде, өңделген және жаңада өндірілген ядролық жанармайды сақтау қоймасының бүлінгенін мәлімдеген. Мамандар сондай-ақ станция аумағында Ресейдің әскери техникасы тұрғанын айтқан. Аумақтың атқылануына инспекторлардың өздері де тап болған, бірақ олар атысты кім жүргізіп отырғанын айтпады.

МАГАТЭ өз есебінде станция төңірегіндегі аумақты «қауіпсіздігі аймағы» деп жариялауды ұсынды. Агенттік станцияны атқылауды тоқтатуға шақырып отыр. Әйтпесе ядролық апат болуы ықтимал дейді олар.

Украина станциядан әскери күштерді толық әкетуді талап етіп отыр. Мұны Еуроодақ пен АҚШ қолдады. Ресей бұл талапты орындаудан түбегейлі бас тартып отыр. Ресей сыртқы істер министрлігінің айтуынша, бұлай жасаса, станцияға төнер қауіп күшейе түспек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG