Accessibility links

Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүргендер Қытай басшысы сапарының алдында қысым күшейгенін айтты


Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп жүрген Гүлфия Қазыбек, Халида Ақытхан және Гауһар Құрманәлиева (солдан оңға қарай) қысым күшейгенін айтады. Алматы, 11 қыркүйек 2022 жыл.
Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп жүрген Гүлфия Қазыбек, Халида Ақытхан және Гауһар Құрманәлиева (солдан оңға қарай) қысым күшейгенін айтады. Алматы, 11 қыркүйек 2022 жыл.

Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп, Алматыдағы Қытай консулдығы алдында тұрақты наразылық акцияларын өткізіп жүрген топ белгісіз адамдардың аңдуына тап болған. Бұл туралы олар Азаттыққа хабарлады.

Сөздерінше, 9 қыркүйек күні оларды Алматы әкімдігіне шақырып, онда өзін "сыртқы істер министрлігінің өкілімін" деп таныстырған бейтаныс адам Қытай президенті Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары қарсаңында Нұр-Сұлтанға бармауды талап еткен.

– Астанадан, министрліктен келдім деп бір кісі отырды. Бізге "Астанаға бармаңдар. Барсаңдар 15 күнге қамаласыңдар. Сендердің мәселелеріңді президент Тоқаев көтереді" деді. Бірақ біз оған сенбедік. Си Цзиньпин астанаға келген кезде міндетті түрде барамыз деді, – дейді консулдық алдындағы наразылықтың қатысушысы Гауһар Құрманәлиева әкімдікке өзімен бірге жеті адамның барғанын айтып.

Құрманәлиеваның сөзінше, олар 11 қыркүйекке қараған түні Нұр-Сұлтанға таксимен шығуды жоспарлаған. Бірақ 10 қыркүйек күні таңертең осы топтың белді мүшелері Ақиқат Қалиолла мен Байболат Күнболатұлын полиция ұстап әкетіп, 15 күнге қамаған. Құрманәлиева тіркеу нөмірі Нұр-Сұлтанға тиесілі екі көлік таң атқанша есігінің алдында тұрғанын, таңертең базарға барғанда артынан еріп жүргенін айтады.

10 қыркүйек күні осы топтың тағы бір мүшесі, Алматы облысы Қарасай ауданы Райымбек ауылында тұратын Нұрзат Ермекбайды полиция Қаскелеңдегі бөлімшеде төрт сағат ұстаған.

– Таңертең белгісіз нөмірден бір кісі қоңырау шалып, "Ұрлық жасап жүрген үш Өзбекстан азаматы ұсталды. Сіздің нөміріңіз солардың телефонында сақтаулы екен. Қандай байланысыңыз бар, соны тексереміз, келіңіз" деді. Жолға шықсам полиция көлігімен үш адам тұр екен. Қасымдағы 15 жастағы қызыммен бірге күшпен көлікке отырғызып, Қаскелеңге, полицияға алып барды. Сол жерде өздерін "прокуратураданбыз" деп таныстырған азаматтар "Астанаға барғалы жатырсыздар ма? Бармаңыздар. Екі елдің достығына сызат түсіресіздер. Егер ол жаққа барсаңыздар Қытай билігі Шыңжаңдағы туыстарыңызды қинайды. Олар Қазақстанға келмек түгіл, түрмеден шыға алмай қалады" деп қорқытты, – дейді ол.

Қарапайым киінген адамдар Қытай консулдығы алдындағы наразылыққа шығып жүрген Халида Ақытхан пен Гүлфия Қазыбектің де есігінің алдын торуылдап жүрген. Бұл туралы олардың өздері айтып отыр.

Осы айдың басында Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қытай президенті Си Цзиньпиннің Қазақстанға 14 қыркүйек күні келетінін хабарлаған. Осы сапар алдында Шыңжаңдағы мұсылман халықтардың мәселесін көтеріп жүрген "Атажұрт еріктілері" ұйымы наразылық шеруін ұйымдастыруға рұқсат сұраған. Ұйым жетекшісі Ербол Дәулетбек әкімдіктің рұқсат бермегенін айтты.

Си Цзиньпин Қазақстанға Орталық Азиядағы сапары аясында тоқтамақ. Нұр-Сұлтаннан кейін ол Самарқандқа барып, сол жерде Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатыспақ. Сарапшылар кейінгі жылдары Қытайдың Орталық Азияға ықпалы күшейгенін, осы сапардың сол ықпалды одан әрі нығайтуды көздейтінін айтады.

Шыңжаңдағы туыстары қамауда отырған алматылық белсенді топ Қытай консулдығы алдына 2021 жылдың ақпанынан бері тұрақты шығып келеді. Полиция оларды бірнеше мәрте ұстап әкетіп, айыппұл салған. Белсенділер одан кейін тоқтамаған соң, консулдық алдына баратын жолды жапқан. Бірақ белсенділер табандылық танытып, наразылығын тоқтатпай отыр.

Халықаралық қауымдастық Қытайды Шыңжаңдағы мұсылман халықтарын қудалап, ұлты мен дініне бола лагерьлерге қамап отыр деп айыптайды. Пекин бұл айыптарды жоққа шығарып, қамау лагерьлерін "қайта даярлау орталықтары" деп атап отыр. Мұндай "орталықтар" туралы алғашқы хабарлар 2017 жылдан бастап хабарланып келеді. Қытайдан Қазақстанға қашып, басынан өткерген оқиғаларын айтқан Қытай қазақтары әлемдік қауымдастықтың Шыңжаңдағы жағдай туралы естуіне ықпал етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG