Accessibility links

Алматыда екі қарақалпақ белсендісінің ұсталғаны хабарланды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қарақалпақстандағы оқиғаға байланысты Алматыда екі қарақалпақ белсендісінің ұсталғаны хабарланды. Ресми орындар әзірге жауап бермеді.

Белсенді Ақылбек Мұратовтың Азаттыққа хабарлауынша, белсенділер Қошқарбай Төремұратов пен Жангелді Жақсымбетовті 13 қыркүйекте үйлерінен ұстап алып кеткен.

"Бізде диаспора орталығы бар. Сол орталыққа кешкі 7 шамасында бір әйел хабарласып, Жангелді Жақсымбетовті патруль алып кеткенін айтты. Мен ол кісіні сыртынан ғана танитынмын. Жақсы білмеймін. Бірнеше сағаттан соң Қошқарбай Төремұратовтың да ұстағаны белгілі болды. Оны түнгі сағат 10-да жәй киім киген өзбек қызметкерлері үйінен алып кеткен" деді Ақылбек Мұратов.

Оның айтуынша, Төремұратов әйеліне хабарласып, өзіне Өзбекстан қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша айып таққанын хабарлаған: "конституциялық құрылысқа нұқсан келтіру" (159-бап) және "қоғам тәртібіне қауіп төндіретін материалдар әзірлеу" (244-1 бап).

"Қазір олардың қайда екені белгісіз" деді Ақылбек Мұратов Азаттыққа.

Азаттық тілшісі сәрсенбі күні таңертең Алматы қалалық полиция департаментіне хабарласып көргенмен жауап ала алмады. Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Олег Ивашенко "оқиғадан хабары жоғын" айтты.

  • Шілде айының басында Қарақалпақстан астанасы Нөкіс пен аймақтың өзге қалаларында жаппай наразылық тұтанып, тұрғындар Қарақалпақстанды егемен мәртебесінен айыратын Конституция жобасына қарсылық білдірген. Наразылық күшпен басып-жаншылды, билік Қарақалпақстанда төтенше жағдай жариялаған.
  • Ресми мәліметке сай, Қарақалпақстандағы оқиға кезінде 21 адам қаза болған, 516 адам ұсталған. Қаза болғандардың 14-і – бейбіт тұрғын, төртеуі құқық қорғау орган өкілі. Артынша Өзбекстан парламенті Конституция жобасында Қарақалпақстанның егемен мәртебесін сақтау туралы шешім қабылдады.
  • Халықаралық ұйымдар мен бірқатар елдер Ташкентті Қарақалпақстандағы оқиғаны жан-жақты тергеуге, бейбіт наразыларға күш қолданғандарды жазаға тартуға үндеді.
  • Қазақстандағы қарақалпақ белсенділерінің хабарлауынша, шілдеден бері Қазақстан және Өзбекстанның құқық қорғау органдары Қарақалпақстандағы оқиғаға байланысты бірқатар белсенділерді тергеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG