Accessibility links

"Әлеуметтік желідегі белсенділерді бақылау". Құқық қорғау ұйымы ақпарат министрлігінің құжатын сынады


Сөз еркіндігін талап еткен журналистер митингісі. Алматы, 25 маусым 2022 жыл.
Сөз еркіндігін талап еткен журналистер митингісі. Алматы, 25 маусым 2022 жыл.

"Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жариялаған "Масс-медиа туралы" заң жобасын негіздеген құжатты сынға алды. 14 қыркүйекте ұйым жетекшісі Тамара Калеева Facebook парақшасында "бұл құжат негізінде қоғамдық пікірді бақылаудан шығарып алу деген қорқыныш жатыр" деп жазды.

Бір апта бұрын, 6 қыркүйекте legalacts.egov.kz сайтында "Масс-медиа туралы" заң жобасына реттеушілік саясаттың консультативтік құжаты" жарияланды. Бұл — бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын реттейтін заң жобасының өзі емес, тек онда болуы мүмкін нормаларды негіздейтін құжат. Авторлар Қазақстанда 1999 жылы шілдеде қабылданып, көп өзгеріске ұшыраған БАҚ туралы заңды "қайта қарауға" Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл наурыздағы жолдауы негіз болғанын жазады.

Авторлар заң жобасы реттейтін сегіз мәселені көрсетеді. Оның ішінде "Журналистердің мәртебесін көтеру", "Бұқаралық коммуникация құралдарының мәртебесін айқындау", "Мемлекеттік қаржыландыруды реформалау", "Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл", "БАҚ тіркеу тәртібін өзгерту", "Телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтердің өзгеруі", "Интернет-жарнаманы реттеу", "Өзін-өзі реттеу институттарын дамыту" сияқты тармақтар бар.

"Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының жетекшісі Тамара Калеева заң жобасының "Масс-медиа туралы" деген атауына назар аударады. "Қазақстан заңнамасында масс-медиа дегеннің анықтамасы жоқ. Бұл жаңа термин әлеуметтік желідегі белсенділерді бақылауға алу үшін ғана енгізілгелі жатқаны анық" деп жазды құқық қорғаушы.

Консультативтік құжаттың 8-пунктінде "Бүгінгі таңда бұқаралық коммуникация құралдары арқылы оқиғалар жарияланып қана қоймай, қоғамдық пікір қалыптастыра алады, бұл олар жариялаған ақпараттың сенімділігі үшін жауапкершілік мәселесін қарауды талап етеді" деп жазылған.

Калеева "бұл норма арқылы билік кезекті рет азаматтар белсенділігін заң нормасы арқылы шектеуге тырысып жатыр" деп бағалайды. "Қоғамдық талқыға белсенді қатысып, жария қарым-қатынас қабілетін дамытудың орнына шенеуніктер ақпарат шынайылығы деген түсінік енгізіп, оны бұзғандарға жауапкершілік тағайындамақ. Осылайша азаматтардың пікірін, үмітін, қорқынышы мен тілегін айтуды заңсыз нәрсеге айналдырмақ" деп жазады ұйым жетекшісі.

Тамара Калееваның Азаттыққа айтуынша, заң жобасын әзірлеу үшін құрылған жұмыс тобына баспасөз еркіндігі бойынша тәуелсіз ұйымдар да кірген. "Бірақ біздің ешбір ұсынысымызды ескермеді" дейді ол. "Құқықтық медиаорталық" баспасөз қорғау ұйымының директоры Диана Окремова да заң жобасын әзірлеу бойынша биыл мамырда құрылған жұмыс тобына мүше.

— Заң жобасын талқылау созылып кетті, — деді Окремова Азаттыққа. — Жарты жылдай болған шығар. Әлі күнге дейін жоба мәтінін сұраумен келеміз. Бұл жаңа заң бола ма, әлде жұмыс істеп тұрған заңға қосымша ма — білмейміз. Министрлік нақтысын айтпай отыр. Олар нақты не өзгерткісі келетінін анық білмеген соң қатты алаңдап отырмыз.

Азаттық сауалдарына берген ресми жауабында ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстанның Конституциясы мен "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңына сәйкес "сөз бен шығармашылық бостандығына кепілдік берілетінін", ал жаңа заң "осы қағидатқа негізделетінін" айтқан. Оған қоса министрлік "жаңа заң аясында бірінші кезекте сөз бостандығына кепілдік берілетінін көрсететін жаңа қағидаттарды бекітуді жоспарлап отыр".

"Заң жобасы аясында министрлік қарапайым азаматтарды бұқаралық коммуникация субъектілеріне теңестіруді жоспарлап отырған жоқ" делінген ақпарат министрлігінің жауабында.

Медиа саласында жаңа субъектілер пайда болып, Интернет жылдам дамып жатқандықтан, "қолданудың әмбебаптығы үшін "масс-медиа" термині таңдалды" дейді министрлік.

Тұтас жаңадан жазылған заң жобасы "халықаралық тәжірибені, құқық қолдану практикасын және сала өкілдерінің ұсыныстарын зерделеу" арқылы дайындалды деген министрлік жобаға "Әділ сөз" ұйымының ұсыныстары да енгізілгенін айтады.

  • "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы жасаған "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан 180 елдің ішінде 122-орында тұр. "Масс-медиа туралы" заң жобасына негіздеу құжатында бұл рейтинг туралы айтылады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "күтілетін нәтижелер" бағанына "Дүниежүзілік баспасөз бостандығы индексіндегі Қазақстан позициясын жақсарту" деп көрсеткен. Нұр-Сұлтан елдің осы индекстегі нәтижесі "бес жылда әр жыл сайын бір сатыға көтеріледі" деп үміттенеді. Бұл құжатты талқылау 27 қыркүйекке дейін жалғаспақ.
  • Биыл шілдеде Қазақстан үкіметі ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қызметін шектеу құқығын берген. Бұл өзгерістер дауға қалған "Сарым-Зәкиева түзетулерінен" кейін қабылданды. Қоғам өкілдері билік кибербуллингпен күресті сылтауратып, өзіне ұнамайтын контентті бұғаттап тастауы мүмкін деп қауіптенген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG