Accessibility links

"Қазфосфат" өндірісінде тағы адам өлімі болды


"Қазфосфат" кәсіпорнының кеңсесі. Жамбыл облысы, Жаңатас. Көрнекі сурет.
"Қазфосфат" кәсіпорнының кеңсесі. Жамбыл облысы, Жаңатас. Көрнекі сурет.

13 қыркүйекте Жамбыл облысы Жаңатас қаласында "Қазфосфат" компаниясының "Қаратау" кен байыту комбинатында тағы кісі өлімі болды. Комбинаттағы апаттан үш адам жарақат алып, бір адам қаза болған. Бұл жөнінде Азаттыққа комбинат жұмысшылары хабарлады. Комбинат басшылығы адам өлімі оқиғаларына байланысты комиссия құрылғанын хабарлады.

"Қаратау" кен байыту комбинатының фельдшері Жанар Ахатова кейінгі кезде комбинатта адам өлімі жиілегенін айтты.

– Бізде, “Қазфосфатта” адам өлімі жиілеп кетті. Соңғы бір жарым айда кемінде 8 адам жарақат алып, 3 адам қаза болды. Жұмысшылар бұл туралы айтса, жұмыссыз қаламыз деп қорқады, - дейді ол.

Оның сөзінше, соңғы рет қайғылы оқиға бірнеше күн бұрын болған. Жұмыс барысында төбесіне құлаған плитадан көз жұмған жұмысшының денесі 13 қыркүйекте табылған. Фельдшер марқұмның денесі езіліп кеткенін айтады. Тағы үш адам ауруханада жатыр.

Жұмысшылар мен олардың туыстарының сөзіне қарағанда, бұл "Қазфосфатта" болған бірінші кісі өлімі емес.

30 маусым күні де “Қаратау” кен байыту фабрикасында жұмысшылар диірменде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанда, агрегат іске қосылып, екі адам қаза болған. Біреуі – 28 жастағы дәнекерші, екіншісі – 35 жастағы слесарь. Бұған дейін жұмысшылардың туыстары "марқұмдардың денесі ет тартқыштан өткізгендей массаға айналғанын" хабарлаған. Үш адам ауыр жарақатпен ауруханаға түскен.

Жанар Ахатова маусымның соңында болған екі адамның өліміне электрик Ғалымжан Құдайбергенов "кінәлі" танылып, оған қатысты "Еңбек қағидаларын қорғау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын айтты.

– Фабрикадағы қайғылы оқиға 30 маусым сағат 14.00-де болған. Ал Ғалымжан Құдайбергеннің ауысымы мен (29 маусым кешкі 9-ға дейін - ред.) қайғылы оқиға аралығында екі ауысым өтіп кеткен. Осы ауысымдарда неге қондырғылар тексерілмеген? - дейді ол.

“Қазфосфат” компаниясының “Қаратау” кен байыту комбинатының техникалық жұмыстар жөніндегі жетекшісі Талғат Беспаев Азаттық тілшісіне берген жауабында 30 маусымдағы екі адамның өліміне қатысты комиссия жұмысын аяқтап, қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтты.

– Ал 13 қыркүйектегі жағдайға байланысты бұйрық жасалып жатыр, кешке қарай комиссияны күтіп отырмыз. Маусым соңындағы екі кісі өліміне байланысты комиссия жұмысы аяқталды. Оның материалдары полицияға берілді. Мен өндіріс басында жүрмін, кейін хабарласамын, - деді ол.

Бұдан бөлек, маусым айында “Қазфосфаттың” тағы бір 34 жастағы жұмысшысының басына кірпіш құлап қайтыс болған. Ал 7 шілдеде 42 жастағы жұмысшы 19 метр биіктік жерден құлап қаза болған. Комбинат басшылығы бұл оқиғаларға түсініктеме бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG