Accessibility links

Қызылордада қайтарымсыз грант ала алмағандар әкімдікке жиналды


Қызылордада қайтарымсыз грант ала алмағандар әкімдікке жиналды. 14 қыркүйек, 2022 жыл.
Қызылордада қайтарымсыз грант ала алмағандар әкімдікке жиналды. 14 қыркүйек, 2022 жыл.

Қызылордада бір топ адам "Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант үлестіретін комиссия жұмысына наразылық білдіріп, әкімдік алдына жиналды. Олардың айтуларынша жоба ұсынған үміткерлердің жұмысы конкурста әділ бағаланбаған.

Бұл грант шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде жастарға, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге экономиканың басым секторларында өтеусіз негізде беріледі деп көрсетілген. Ол үшін үміткердің қолында кәсіп бастауға кететін шығынының 10 пайызы болуы шарт. Сондай-ақ, ұсынылған жоба үміткер тұратын өңірде бұрын болмаған болуы тиіс. Бірақ бұл талап халықтың әлеуметтік осал топтарына жататындар үшін міндетті емес.

Әкімдік алдынан жиналғандар конкурста жоба қорғауға 3 минут бөлінсе де, "комиссия мүшелері сөзімізді тыңдамастан шығарып жіберді" дейді. Ұсынған дүниеміз инновациялық жоба болғанымен, әлдекімдер бұрын тұрғылықты жерінде іске асқан кәсіп болса да грант жеңіп алды дейді.

- Толық жетілмей дүниеге келген сәбилерге және қалыпты балаларға 0+ өлшемді киім тігу туралы жобамды ұсынғанмын. Жобамды таныстырған кезімде комиссияның 11 мүшесі мақұлдап, "сіз ұттыңыз" деді. "Иә, құтты болсын. Сіздікі расымен де инновациялық жоба екен, өзіңіз осал топқа жатасыз" деген, бірақ соңында "мақұлданбады" деген жауап алдым. Өзім көп балалы анамын, әрі мүгедек бала асырап отырмын, - деді конкурста жеңілген Ұмсынай Әмірханова.

Комиссия мүшелері болса "жобалар алдымызда қағаз күйінде жатқандықтан, уақыт үнемдеу үшін үміткерлерді асықтырғанымыз рас" дейді.

Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков наразылар нақты дәлелдерімен сотқа арызданса, комиссия шешімін жоюға болады дейді.

Оның айтуынша, қайтарымсыз грантқа жергілікті бюджеттен бөлінген ақшаның көлемі - 120 миллион теңге. Оның 70 миллионы жастар кәсіпкерлігіне, ал 50 миллионы жалпы кәсіпкерлерге арналған. Бұл конкурсқа 673 адам қатысты. Қазір дауыс беру жүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG