Accessibility links

Қырғыз-тәжік шекарасында атыс болып жатқаны хабарланды


16 қыркүйекте таңертең Қырғызстанның Баткен облысында қырғыз-тәжік шекарасы маңында тағы атыс басталған. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады. Қырғыз жағы тәжік жауынгерлерінің миномет қолданғанын мәлімдеді. Тәжікстан әзірге түсініктеме бермеді.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) хабарлауынша, жұма күні сағат 6 шамасында тәжік жағы Эки-Таш, Чыр-Добо, Кум-Мазар және Орто-Боз елді мекендеріне оқ атқан. Жарты сағаттан соң "Кок-Таш" шекара заставасына қарасты аумақты минометпен атқылаған. 7.15-те тәжік әскері "Паскы-Арык" елді мекеніндегі "Самаркандек" шекара заставасына қарай оқ жаудырған.

Азаттықтың Қырғыз қызметі қырғыз-тәжік шекарасында жағдай ушыққанын жазды. Қырғызстан шекара қызметі күшейтілген режимде қызмет етуге көшкен.

Тәжік жағы әзірге оқиғаға түсініктеме бермеген.

Екі күн бұрын қырғыз-тәжік шекарасында атыс болып, кемінде бір адамның қаза болғаны, бірнеше адамның жараланғаны хабарланған. Тараптар оқиғаға бір-бірін кінәлаған.

  • Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы 970 километр шекараның 519 шақырымы келісілген, қалған бөлігі әлі нақтыланған жоқ. Қырғыздың Баткен облысы мен Тәжікстанның Соғды облысы арасындағы даулы жерде ауылдар, кей тұсында екі елдің тұрғындарының үйлері қоңсы орналасқандықтан ол жерде шекараны нақтылап, белгілеу қиындық туғызған.
  • Соның салдарынан көрші екі елдің тұрғындары мен шекарашылары арасында суға, жерге талас жиі болып тұрады. Кейде жанжал барысында қару қолданылып, адам өліміне ұласады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG