Accessibility links

Тележүргізуші Максим Галкин Ресейде "шетел агенті" деп танылды


Максим Галкин
Максим Галкин

Ресей әділет министрлігі тележүргізуші Максим Галкинді "шетел агенті" ретінде танылған жеке тұлғалар реестріне енгізді. Бұл жөнінде ведомство сайты хабарлады.

Министрліктің түсіндіруінше, Галкинді "шетел агенті" тізіміне енгізуге себеп болған жайт - "Украинадан түскен қаржы". Ведомство мәлімдеуінше, тележүргізуші саяси қызметпен айналысады.

Қыркүйек басында президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Максим Галкин туралы "жолымыздың түйіспейтіні анық" деп айтқан.

"Алла Пугачеваның ешқандай мәлімдемесін естімедік, ал оның жолдасымен [Максим Галкин] жолымыз түйіспейтіні анық, жолдасы өте нашар мәлімдеме жасады" деп ТАСС агенттігі Песковтің сөзінен үзінді келтіреді.

"Соның салдарынан Максим Галкинге бірдеңе бола ма?" деген сұраққа Песков құзырлы органдардан ешқандай реакция болмағанын айтқан. Бірақ әртіс "өзін бәрімізден алшақтатын мәлімдеме жасады" деді.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Максим Галкин мен Алла Пугачева балаларымен бірге Ресейден кеткен. Галкин шетелде жүріп, Ресейдің әрекетін қатаң сынаған. Ал оған дейін әртіс Ресей басшысы Владимир Путинге бірнеше рет пародия жасаған. 2019 жылғы сұхбатында ол бұлай істеуден қорықпайтынын айтқан.

2020 жылы мамыр айында Галкин Владимир Путин мен Мәскеу мэрі Сергей Собянин арасындағы кездесуге пародия жасады. Видеода ол екі саясаткерді қатар ойнайды. Кейін бірнеше ресейлік БАҚ-тың видео туралы ақпаратты өшіріп тастағаны белгілі болды.

2022 жылы тамызда Пугачеваның екі баласымен Ресейге келгені хабарланды. 4 қыркүйекте Пугачеваның Инстаграмдағы парақшасында СССР-дың бұрынғы басшысы Михаил Горбачевтің өлімі жайлы жазба пайда болды. Оған дейін әнші саясаткермен қоштасу рәсіміне қатысқан.

"Бұлайша ағыл-тегіл жыламағаныма көп болыпты. Еркіндікке қол жеткізіп, бүкіл әлем үшін "зұлымдық империясы" болмай, балаларымыздың болашағына алаңдамай өткен ДӘУІР кетті. Ең бастысы. Горбачев күш қолдануды саясат құралы ретінде, билікті ұстап қалу амалы ретінде қолданудан бас тартты" деп жазды Пугачева.

Әнші саясаткерлер қателік жасай береді, ең бастысы адамзатты тұтас құрдымға әкетпесе болғаны деді.

XS
SM
MD
LG