Иранда құқық қорғаушы Махса Амини қазасынан соң жүздеген адам көшеге шықты. Наразылық сенбі күні құқық қорғаушы көз жұмған Тегерандағы Касра ауруханасы мен марқұмның туған қаласы Сагезде өтті. Наразылықты өзге қалалардағы белсенділер де қолдады.
Демонстранттар "Диктаторға өлім!" деп айқайлады, кейбір әйелдер киген хиджабтарын лақтырды. Полиция демонстранттарға жас ағызатын газ шашып, оқ атты. Күрдістандағы адам құқығы желісінің хабарлауынша, кемінде 15 адам зардап шеккен.
22 жастағы Махса Амини әйелдер құқығын қорғаумен айналысқан. Ол Иранда жиі қудалауға ұшырайтын аз ұлт күрдтерден шыққан. 13 қыркүйекте полиция оны ұстап, қатты ұрып-соққан. Ал Тегеран полициясы 22 жастағы белсенді әйелдің жүрегі ауыратынын айтты. Ұсталғаннан кейін бірнеше сағат өткеннен соң Амини ауруханаға түсті. Есін жимаған күйі 16 қыркүйекте көз жұмды.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Аминидің денсаулығы жақсы болған және ешқашан жүрек ауруымен ауырмаған. Тегеран полициясы оны көшеде хиджаб кимегені үшін ұстаған.
- Кейінгі кезде Иран консервативті режиммен келіспегендерді оның ішінде, әйелдер құқықтарын қорғаумен айналысқан белсенділерді қудалауды күшейткен. Саясатқа мүлде қатысы жоқ әйелдердің өздеріне де қысым жасалып жатыр. Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, өзін қорғауға тырысқан немесе жолдасының көзіне шөп салған әйелдерді дарға асу жазасын тағайындау жиілеген.