Accessibility links

Сот шешіміне наразы Шымкент зейнеткері Астанада пикетке шықты


Зейнеткер Балқия Тіленова Жоғарғы сот алдында пикетке шығып тұр. Астана, 19 қыркүйек, 2022 жыл
Зейнеткер Балқия Тіленова Жоғарғы сот алдында пикетке шығып тұр. Астана, 19 қыркүйек, 2022 жыл

19 қыркүйекте Астанада зейнеткер Балқия Тіленова Жоғары сот ғимаратының алдына пикетке шықты. Ол жалғыз баспанасын қайтарып алу үшін сегіз жылдан бері күресіп келе жатқанын айтады. Зейнеткермен Жоғары соттан ешкім шығып сөйлеспеді.

63 жастағы зейнеткер Балқия Тіленова алдымен Үкімет үйінің алдына келді. Бір жағына Қазақстан президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың суреті салынған, "Заң үстемдігі қайда?" деген жазу жазылған, екінші жағына "Тоқаев көмектес!" деген орыс тілінде жазылған сөздері бар ақ футболкасын киіп алды. "Судья, прокурор заңды бұзбаңдар" деген орыс тілінде жазуы бар тағы бір футболкасы мен сөмкесін көтеріп Жоғары сот алдына келді.

Балқия Тіленова осыдан сегіз жыл бұрын Шымкентте банктен кредит алып, кейін төлей алмаған 860 мың теңге қарызы үшін жалғыз баспанасынан айырылғанын айтады. Оның сөзінше, осы жасқа келгенде баспанасыз қалған соң әділдік іздеп Астанаға келіп, хостелде түнеп жүр.

Ол барлық сот инстанцияларының өзінің қатысуынсыз өтіп кеткенін, жалғыз баспанасын банктің сатып жібергенін айтады.

- Елімізде заң орындалса мен сияқты адамдар көшеде диуана болып жүрмес еді,- дейді ол.

Ол заңсыз шешім шығарған судья, прокурорлар жазаға тартылуға тиіс деп санайды.

Балқия Тіленова Жоғары соттан төменгі инстанциядағы сот шешімдерін қайта қарауды талап етеді.

Жоғары сот ғимараты алдына айқайлап талап айтқан зейнеткерді біреше полицей, арнайы жасақ және қарапайым киім киген адамдар бақылап, суретке түсіріп алды.

Кейін ол сот ғимараты ішіне кіріп, жауапты судьялардың сыртқа шығып, өзімен сөйлесуін талап етті. Бірақ іштен ешкім шықпады.

Қазақстанда сот шешіміне наразы азаматтар наразылығы 2019 жылдан бері жалғасып келеді. Олар тіпті әлеуметтік желіде “Заң үшін” деп аталатын арнайы топ та құрған. Наразылар 2021 жылы шілде, қазан айларында да сот шешімдерін қайта қарауды талап етіп, Жоғарғы сот ғимаратына түнеп те шыққан.

2019 жылы сот шешіміне наразылар "Нұр Отанның" (қазір ресми атауы "Аманат") Нұр-Сұлтандағы (қазіргі - Астана) ғимаратына да қонып, аштық жариялаған. Сол жылы Қазақстандағы президент сайлауы қарсаңында олардың талабына назар аударған бас прокуратура, ішкі істер министрлігі мен Жоғары сот өкілдері ведомствоаралық комиссия құрып, наразыларды қабылдаған. Бірақ сот шешіміне наразы адамдар одан нәтиже болмағанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG