Бүгін, 19 қыркүйекте Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 27 адамның ісін қарай бастады.
Сотқа келген адамдарға орын жетпей, сот ісін тікелей эфирден көруге мүмкіндік берілді. Іс бойынша 110 жәбірленуші (олардың барлығы полицейлер мен әскери қызметкерлер) және 100-ге жуық куә бар.
Сотталушылардың құқығын бірнеше адвокат қорғайды. Кей сотталушылар екі адвокат жалдаған. Адвокаттармен бірге сотталушылардың туыстары (аналары, әжелері, әйелдері) қоғамдық қорғаушы ретінде қатысты.
Сотталушылардың басым бөлігіне "Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу", "Билік өкіліне күш қолдану", "Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қатер төндіру", "Қару ұрлау" баптары бойынша айып тағылған.
Судья Зарема Хамидуллина адвокаттардың бірі Рысты Қалиеваның сотқа денсаулығына байланысты қатыса алмайтыны туралы өтініш түсіргеніне байланысты сот талқылауын 3 қазанға қалдыратынын айтты.
Судья адвокаттың қорғалушыларына егер адвокат бес тәулікке дейін келмесе, сот тарапынан оның қорғауындағы сотталушыларға тегін мемлекеттік қорғаушыны ұсынатынын ескертті. Бұған адвокат Рысты Қалиеваның қорғауындағы сотталушылар Сағат Жолдасов, Дулат Бекжанов және Аслан Хатим үшеуі де келіскен жоқ.
Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 27 адамның 14-і үйқамаққа алынып, 10-ы ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен босатылған, үш адам тергеу абақтысына қамалған.
Тергеу абақтысында отырған үш сотталушы, "аса ауыр қылмыс жасады" деп айыпталған Оралбек Айсин, Дулат Бекжанов, Ринат Әбішевтерге "Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу", "Билік өкіліне күш қолдану", "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру", "Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу", "Ұрлық" баптары бойынша айып тағылған.
Алдын ала сот тыңдауы 31 тамызда басталған.
Қаңтардың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық елдің өзге өңірлеріне тез тарап, кейін бұл оқиға бірнеше қалада қантөгіске ұласқан. Атырауда да жұрт алдымен Исатай мен Махамбет алаңына жиналып, кейін әкімдікке қарай беттеген. Әкімдік алдында полиция мен наразылар арасында қақтығыс болған. Қақтығыс кезінде Атырау тұрғыны Алмаз Берекеновтің басына оқ тиіп қаза болған.
Құқық қорғау органдары 35 жастағы Алмаз Берекеновтің қазасына байланысты қозғалған істі "қылмыс құрамы жоқ, полицей оқ атып қорғанған" деп тоқтатқан.
Қазақстандағы Қаңтар оқиғасында ресми мәлімет бойынша 238 адам қаза болған. Мыңдаған адам қамауға алынып, түрлі жауапқа тартылған.
Биыл 1 қыркүйектегі жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы бойынша жауапқа тартылғандарға рақымшылық жариялаған.
Тоқаевтың сөзінше, бұл рақымшылыққа тәртіпсіздік ұйымдастыруға қатысқан басты күдіктілер, мемлекетке опасызсыздық жасағандар және билікті күшпен басып алуға талпынғандар ілінбейді.
ПІКІРЛЕР