Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы “М-техсервис” компаниясының үш күннен бері ереуілдеп жатқан мұнайшыларының жұмыс берушімен бүгінгі келіссөзі нәтижесіз аяқталды.
Жетібай кенішін игеріп жатқан “Маңғыстаумұнайгаз” компаниясының мердігер мекемесі “М-техсервис” мұнайшылары ереуілді 16 қыркүйекте бастаған. Содан бері бір ауысымдағы жүзден астам адам жұмысқа шықпаған.
- Жұмыс беруші арбитраж шешімін орындаудан бас тартып, жұмысқа шығуды талап етіп жатыр. Біз бас тарттық. “Маңғыстаумұнайгаздың” барлық сервистік компаниялары 12 сағат жұмыс істейді және сол үшін еңбекақы алады. Ал біз 12 сағат жұмыс істесек те тек 11 cағаттың ақшасын төлейді. Біздікі тек осы бір талап, - дейді Күмісқали есімді ереуілші.
Ереуілге шыққан азаматтардың айтуынша, осыдан үш ай бұрын жұмысшылар еңбекақы бойынша талап қойғанда екі жақ арбитраж келісімін жасаған. Ол бойынша компания жұмысшыларға 12 сағаттық жұмыс күні үшін ақы төлейтін болып келіскен. Ереуілшілер жұмыс беруші сол келісімді орындаудан бас тартты дейді. Ал “М-техсервис” мекемесі жұмысшылар еңбек дауын реттеу процедурасын сақтамады деп санайды. Қазір екі жақ та бірін-бірі сотқа берген.
Мұны “М-техсервис” мекемесінің кадр бөлімінің басшысы Ақмарал Қожаназарова да растады.
- Арбитраж өткенмен, еңбек дауының процедурасы толық сақталған жоқ, [ереуілшілер] өндірістің үздіксіздігін сақтамады деп сотқа беріп жатырмыз. Жұмысшылар бізді беріп жатыр. Нақтысын заңгерден анықтарсыз, - деді ол.
Бұл “М-техсервис” мекемесіндегі алғашқы наразылық емес. 2020 жылы қаңтар, қыркүйек айларында мекеме қызметкерлері жалақыны көбейтуді, жұмыс көлемімен толық қамтамасыз етуді талап еткен.
"М-Техсервис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 2003 жылы Ақтөбе қаласында тіркелген қытайлық мекеме. Ол "Маңғыстаумұнайгаз" игеріп жатқан Маңғыстау облысындағы Бозащы және Жетібай кенішіндегі мұнай ұңғымаларын жөндеу бойынша қызмет көрсетеді.
ПІКІРЛЕР