Accessibility links

Мүгедек шахтерлар үндеу жолдап, Тоқаевтан әділдік сұрады


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қарағанды облысының Шахтинск қаласында "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының шахталарында жараланып, кәсіби дертке шалдыққан ондаған шахтер-регресниктер Ақордаға петиция жолдады.

Олар құқықтары бұзылып жатқанын, Қазақстан мойындаған халықаралық келісімдер орындалмайтынын, осыдан бірнеше жыл бұрын қабылданған түзетулер компания мүддесін қорғайтынын мәлімдеген.

" 2015 жылы Азаматтық кодекске енгізілген өзгерістер мүгедектердің ахуалын одан әрі нашарлатты. Мүгедек шахтерларды екіге бөліп тастады. Сізден конституция кепілі ретінде әділдікті қалпына келтіруді сұраймыз", — дейді мүгедек шахтерлар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған үндеуде.

Петицияны бүгін президент әкімшілігіне екі белсенді арнайы барып тапсырды.

Мүгедек шахтерлардың сөзінше, заңға енгізілген өзгерістер шетелдік компанияның мүддесін қорғайды, билік мүгедектердің мүддесін ескермеген.

Мүгедек шахтерлар бұған дейін де бірнеше рет үндеу жолдап жауап ала алмағанын, президент сайлауы қарсаңында тағы да арнайы жолдап отырғанын айтады.

Мүгедек шахтерлар президентке үндеу жолдамас бұрын жергілікті әкімдікке барған. Оларды Шахтинск қаласының әкімдігі Мәдениет сарайына жиналуға шақырған. Мәдениет сарайына Шахтинск қаласы мен шахтерлар тұратын Шахан кентінің 70-ке жуық шахтері барып, президентке үндеуін оқып, үйлеріне тараған.

Өндірісте жараланған шахтерлар президенттен жауап болмаса қарсылық акциясын өткізу үшін Астанаға баратынын айтады.

— 2011 жылы қабылданған түзетулер өзгеріп кетті. Қазіргі заң мүгедектер құқығы туралы БҰҰ конвенциясына қайшы келіп тұр. Біз бұл мәселені неге тағы да көтеріп отырмыз? Өйткені шахтерлардың жалақысы еселеп өссе де мүгедектердің өтемақысы көбеймеді. Ондай болса Мүгедектер құқығы туралы конвенцияны еліміз не үшін мойындады? — дейді Азаттыққа мүгедек шахтерлардың бірі Сергей Бажанов.

Белсенді шахтерлардың сөзінше, "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының шахталарынан зардап шеккен бір топ мүгедек шахтерлардың қатысуымен 2011 жылы заңнамаға өзгеріс енгізіп, зардап тигізуші мен зардап тартушы арасындағы құқықтық қатынас конституцияға сәйкестендірілген.

Мүгедек шахтерлардың айтуынша, залалға төлем бойынша жас шегі алынған, кәсіпорында жалақы көбейгеніне қарай төлем де қайта есептелетін болған. Жұмыс кезінде зардап шегіп, мүгедек болып қалған шахтерлардың жағдайы осыдан кейін біршама түзелген. Бірақ кейін билік азаматтық кодексті қайта өзгертіп тастаған.

Азаматтық кодекске 2015 жылы енгізілген өзгерістерге байланысты қазіргі кезде жұмыс беруш залалды өтеу жөніндегі құқықтық қатынасты өзі өзгерте алады.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы әзірге мүгедек шахтерлардың президентке жазған петициясы жөнінде пікір білдірген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG