Accessibility links

Шығыс Украинадағы сепаратистік аймақтар Ресейге қосылу жөнінде референдум белгіледі


Херсон облысы, 20 мамыр, 2022 жыл
Херсон облысы, 20 мамыр, 2022 жыл

Украинаның шығысындағы сепаратистік аймақтарда және Мәскеу бақылауындағы Херсон облысы мен Запорожье облысының бір бөлігінде Ресей құрамына қосылу бойынша референдум белгіленді. Жергілікті оккупациялық басшылар оны 23-27 қыркүйекке тағайындады. Украина мұндай дауыс берудің нәтижелерін мойындамайтынын бұрыннан айтып келеді.

Сейсенбі, 20 қыркүйекте Донецк және Луганск "халық республикаларының" депутаттары референдум өткізу жөнінде заңдар қабылдап, сепаратистік аймақтардың басшылары сол заңдарға жедел қол қойды. Украинаның Луганск облысы сепаратистер бақылауында болса, Донецк облысының біраз бөлігі, соның ішінде ірі қалалар Украинаның қоластында тұр.

20 қыркүйекте Ресей әскерінің бақылауындағы Херсон облысының Мәскеу тағайындаған басшысы Владимир Сальдо да Ресейге қосылу жөнінде референдум өткізетінін мәлімдеді. Запорожье облысының Ресей бақылауындағы аймақтарында да референдум ұйымдастыру жөнінде үндеу жасалды.

Ресейдің ресми тұлғалары Украинаның шығысындағы сепаратистік аймақтарды ел құрамына қосып алуды жақтап мәлімдеме жасап жатыр. Экс-президент, Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Telegram-арнасында Донбасстың Украинаға тиесілі бөлігін қосып алу "тарихи әділдікті қалпына келтіру" болады деді.

Мемлекеттік дума спикері Вячеслав Володин парламент "ДХР" мен "ЛХР-ды" Ресей құрамына қосылу ниетін қолдайтынын мәлімдеді.

Дәл осы сейсенбі күні Ресей мемлекеттік думасы мобилизация және әскери жағдай кезінде қылмыс жасағандардың жазасын күшейтуді көздейтін заң жобасының екінші және үшінші оқылымын жылдам өткізіп, жобаны қабылдады. Қылмыстық кодекске өз еркімен тұтқынға түскені, қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырысты орындаудан бас тартқаны үшін жазалау жөнінде жаңа баптар енгізілді. Жобаны Ресей парламентінің жоғары палатасы – федералдық кеңес сәрсенбіде қарап, оған президент сол күні қол қоюы мүмкін.

2014 жылы Украинадан бөлініп кеткен тағы бір аймақ – Қырымда да жылдам референдум өтіп, түбек Ресей құрамына кіргізілген. Бірақ бұл дауыс беру нәтижесін халықаралық қоғамдастық мойындаған жоқ.

"Донецк халық республикасы" (ДХР) және "Луганск халық республикасы" (ЛХР) сеператистік аймақтары Украина құрамынан шығатынын жариялап, Ресейдің қолдауына сүйеніп келген. Ресей президенті Владимир Путин ақпанда Украинаға шабуыл бастардың алдында екі аймақты тәуелсіз ел деп мойындаған. Бірақ халықаралық қоғамдастық ол аймақтарды Украинаның құрамдас бөлігі деп таниды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG