Бүгін, 21 қыркүйекте таңертең Алматыдағы Әл-Фараби даңғылының Розыбакиев көшесімен қиылысындағы тротуар жиегіне "Қабір" арт-перформансы қойылған. Бұл туралы Азаттыққа аты-жөнін жарияламауды өтінген адам хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда, "қабірге әділ сайлау мен тәуелсіз бақылаушылар көмілген", ал оны көмген күректе "Жаңа Қазақстан — Қаңтар" деген жазу бар.
"Бұл арт-перфоманс "Жаңа Қазақстан" әділ сайлау мен тәуелсіз бақылаушыларды көміп тастағанын көрсетеді" деді ол.
Қабір басындағы тақтайшаға #артықайырлыболсын деген хештэг қойылған.
Азаттық тілшісі арт-перфоманс орнына барғанда артперформанстан "қабір" ғана қалғанын көрді. Инсталляцияны қашан және кімнің алып тастағаны белгісіз.
Кемінде 238 адам қаза тапқан жыл басындағы Қаңтар оқиғасынан соң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілігі "Жаңа Қазақстан" ұранымен саяси реформалар бастағанын хабарлады. Президенттің шараларын тәуелсіз құқық қорғаушылар мен саясаттанушылар "жартыкеш өзгеріс" деп сынаған.
Тоқаев биыл күзде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялап, өзі де сайлауға түсетінін мәлімдеді. Сарапшылардың көбі оның "жеңетініне күмәнданбайды".
Қазақстанда сайлау кезінде тәуелсіз бақылаушылар мен журналистер құқығы жиі бұзылады. Орталық сайлау комиссиясы мен сот тәуелсіз бақылаушылар арызын көбіне елеусіз қалдырады. Батыс бақылаушылары Қазақстанда өткен ешбір сайлауды әділ өтті деп мойындамаған.
ПІКІРЛЕР