Accessibility links

"Назарбаев қоры" Ұлыбританиядағы үш ақпарат құралының үстінен сотқа шағым түсірді


Nazarbayev - The Nazarbayev Billions: How Kazakhstan’s ‘Leader of the Nation’ Controls Vast Assets Through Charitable Foundations - OCCRP
Nazarbayev - The Nazarbayev Billions: How Kazakhstan’s ‘Leader of the Nation’ Controls Vast Assets Through Charitable Foundations - OCCRP

«Назарбаев қоры» мен Ұлыбританияда орналасқан Jusan Technologies компаниясы британдық Telegraph басылымы, Журналистік зерттеулер бюросы (Bureau of Investigative Journalism) үкіметтік емес ұйымы мен OpenDemocracy басылымының үстінен Ұлыбританияның жоғарғы сотына шағым түсірді. Бұл туралы сот істері мен заң саласындағы жаңалықтар тарататын law360 сайты хабарлады.

Шағымға үш сайттың биыл қаңтар-ақпан айларында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзімен байланысты төрт қор ("Назарбаев қоры" жекеменшік қоры, "Нұрсұлтан Назарбаев қоры", "Демеу қоры" және "Елбасы" қоры) мен Ұлыбританияда тіркелген Jusan Technologies холдингі арқылы шамамен 8 миллиард доллар активтерді басқаратынын жазған материалдары түрткі болған.

Jusan Technologies-тің баспасөз хабарламасына қарағанда, ол жоғарыдағы басылымдардың «холдинг Назарбаевқа тиесілі немесе оны Назарбаев басқарады» деп көрсетуін шындыққа сәйкес келмейді деп бағалаған. Холдингтің мәлімдеуінше, экс-президент Назарбаев бұл компанияның активтерін басқармайды, директорлар кеңесіне кірмейді және акционері емес.

Jusan Technologies баспасөз хабарламасында өз табысының басым бөлігі Назарбаев университет пен Назарбаев зияткерлік мектептерін қаржыландыруға жұмсалатынын айтқан. Jusan Technologies шағым түсіргенге дейін дауды бейбіт жолмен реттеуге тырысып, басылымдарға материалдардағы «жалған мәліметтерді түзетуді сұрағанын» алға тартты. Алайда холдингтің жазуынша, «басылымдар түзетуді жариялаудан немесе жала жабатын материалдарды жоюдан бас тартқан».

Азаттық британдық басылымдар үстінен сотқа шағымданған «Назарбаев қорынан» пікір алмақ болып қордың коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Жанет Тұрарбековаға хабарласты. Бірақ ол ауруханада жатқанын айтып, ресми хат жолдауды сұрады. Азаттық бұл мәселе бойынша «Назарбаев қорына» сұрақтар жолдады. Алайда жаңалық шыққанға дейін сұрақтарға жауап алмады.

Law360 сайтының жазуынша, OpenDemocracy-дің бас редакторы Питер Геохеган «Назарбаев қоры» мен Jusan Technologies-тің түсірген шағымын зерттеу жүргізетін тәуелсіз журналистерді қорқыту әрекеті деп бағалаған.

«Бұл аса ауқатты адамдар өздері жасырып-жабуды қалаған оқиғалар әшкере болмас үшін британдық соттарды пайдаланатынын көрсетеді», − дейді Геохеган.

Bureau of Investigative Journalism бас директоры Розина Брин OpenDemocracy басылымына берген пікірінде мұндай зерттеулер ашық демократия мен қаржы есептілігі үшін қажет екенін мәлімдеген.

Telegraph басылымы әзірге бұл мәселеге қатысты пікір білдірмеді.

Ұлыбританиядағы Guardian басылымының жазуына қарағанда, Bureau of Investigative Journalism мен OpenDemocracy Ұлыбританияның жоғарғы сотында шағымды қарау процесі бұл ұйымдардың қаржылық ахуалына үлкен соққы жасауы мүмкін. Екі басылым осы күнге дейін бұл шағым бойынша ондаған мың фунт стерлинг жұмсаған. Басылымдар өзерін сотта қорғау үшін Gofundme платформасында жылу жинай бастады.

Қор мен холдинг атынан шағымды Ұлыбитанияның жоғарғы сотына АҚШ-тағы Boies Schiller Flexne заңгерлік компаниясы түсірген. Британдық Guardian басылымының жазуынша, Ұлыбританияның жоғарғы сотына шағым 16 тамызда түскенімен, қор мен Jusan Technologies әзірге басылымдарға талап арызға қатысты құжаттарды жібермеген.

«Назарбаев қоры» шілде айында экс-президентпен байланысты қорлар туралы қаңтар айында зерттеу жариялаған Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығын (OCCRP) басқарушы коммерциялық емес ұйым − Journalism Development Network-тің үстінен АҚШ-тағы сотқа сотқа шағым түсірді. Шағымға қарағанда, "Назарбаев қоры" OCCRP зерттеуінде баяндалған жайттар, атап айтқанда "қордың активтері экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі және толықтай оның бақылауында" деген тұжырым мен мақаланың тақырыбы, тақырыпшасы мен зерттеудің нәтижелері шындыққа сәйкес келмейді және қордың беделіне нұқсан келтіреді деген. Шағымда "Назарбаев қорының" "Назарбаев университеті" мен Назарбаев зияткерлік мектептерін қаржылай қолдау үшін құрылғаны айтылған.

OCCRP негізін қалаушылардың бірі Дрю Салливан ол уақытта «Назарбаев қоры» журналистік ұйымға тиісті құжаттарды жібермегендіктен, OCCRP үстінен әзірге шағым түскен болып есептелмейтінін айтты. Алайда OCCRP-дің Қазақстандағы серіктес ұйымы – «Власть» басылымының бас директоры Вячеслав Абрамов Азаттыққа бүгін берген пікірінде «Назарбаев қоры» өткен аптаның аяғында шағым түсіру процесін толық аяқтағанын, енді шағым ресми түрде түскен болып есептелетінін мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG