Accessibility links

Әділет министрлігі "Алға, Қазақстан" партиясын құрғысы келетін топтың құжатын тағы қайтарды 


"Алға, Қазақстан" бастамашыл тобының жетекшісі Жасарал Қуанышәлин (оң жақта) әділет министрлігіне құжат тапсырып тұр. 22 қыркүйек 2022 жыл.
"Алға, Қазақстан" бастамашыл тобының жетекшісі Жасарал Қуанышәлин (оң жақта) әділет министрлігіне құжат тапсырып тұр. 22 қыркүйек 2022 жыл.

Әділет минитсрлігі "Алға, Қазақстан" оппозициялық саяси партиясын тіркемек болған бастамашыл топтың құжатын тағы да кері қайтарды. Бұл туралы бастамашыл топтың лидері Жасарал Қуанышәлин Азаттықтың тікелей эфирінде мәлімдеді. Ол эфирде министрліктің жауабын көрсетті.

Әділет министрлігі "Саяси партиялар туралы" заңның 8-бабына (Саяси партияға мүше болу) сілтеп, ұйым ұсынған мүшелер тізіміндегі мәліметтер сәйкес емес деген, бірақ ведомство дәлел көрсетпеген.

"Алға, Қазақстан" саяси партиясын тіркемек болған бастамашыл топ 22 қыркүйекте 1900-ден аса адамның қолын жинап өткізгенін, бұл партия тіркеу талабындағы қажетті саннан екі есе көп екенін айтқан.

Бастамашыл топ мүшелері бұл жолы сөздері дәлелді болуы үшін тізімдегі адамдарды видеоға түсіріп алып, ішінде "өлгендердің, әскерилердің не басқа саяси партияға кіргендердің жоқ" деген.

"Саяси партиялар туралы" заңға сай, бастамашыл топ тізімінде өмірден озғандар, басқа саяси партиялардың мүшелері, әскери қызметте болғандар енсе, қабылданбайды.

Әділет министрлігі 6 мамырда "Алға, Қазақстан" бастамашыл тобының құжатын "толық емес, тізімде өлген адамдар бар" деп кері қайтарған. Мамырда 1600 адамның қолын жинаған топ министрліктің айтқанымен келіспей, мәліметтердің заңға сай жиналғанын айтқан. Әділет министрлігі өз уәжіне нақты дәлел айтпаған.

Кейін "Алға, Қазақстан" бастамашыл тобының мүшелеріміз деген белсенділер әлеуметтік желіде "Мен тірімін" деген видео челлендж жасап, өздерінің наразылықтарын білдірген. Артынша бастамашыл топ әділет министрлігін сотқа бергенімен, сот ведомствоның жақтап шешім шығарған. Бұған қоса, "Алға, Қазақстан" партиясын құруды жоспарлап жүрген топтың лидері Жасарал Қуанышәлин 20 қарашада жоспарланған президент сайлауына түсуге ниет білдірген.

Ресми Астана "партия құру талаптарының жеңілдеді" дегенімен 2019 жылдан бері елде бірде-бір саяси партия тіркелген жоқ.

Әділет министрлігінің мәліметінше, кейінгі үш жылда 18 саяси партия тіркелуге құжат тапсырып, оның үшеуі алғашқы екі кезеңнен өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG