Accessibility links

БҰҰ комиссиясы Украинадағы әскери қылмыстар туралы есебін таныстырды


БҰҰ-ның Украинадағы әскери қылмыстарды зерттеу жөніндегі сарапшылар комиссиясының жетекшісі Эрик Месе.
БҰҰ-ның Украинадағы әскери қылмыстарды зерттеу жөніндегі сарапшылар комиссиясының жетекшісі Эрик Месе.

БҰҰ-ның Украинадағы әскери қылмыстарды зерттеу жөніндегі сарапшылар комиссиясы Украина аумағына сапарының қорытындысын таныстырып, есеп жариялады. Комиссия жетекшісі Эрик Месенің айтуынша, сарапшылар әскери тұтқындарды ұрып-соғу, азаптау, сотсыз дарға асу, хайуандық жасау сияқты қылмыстарды анықтаған.

Комиссия БҰҰ Адам құқықтары кеңесінің бастамасымен құрылған. Сарапшылар тобының Украинаға сапары он күнге созылған. Комиссия Украинаның Киев, Чернигов, Харьков, Сума облыстарындағы 27 елді мекенді аралаған. 150-ден астам куәгер мен оқиға құрбандарымен тілдескен, құқық қорғау ұйымы және мемлекеттік орган өкілдерімен сөйлескен.

Бұрын тұтқында болғандар, ұсталғандар мен куәгерлердің сөзіне сүйенген сарапшылар ұрып-соғу, тоқпен азаптау, күштеп жалаңаштау және өзге де қорлау әрекеттері туралы айтты. Сарапшылар тобы адамдар жаппай көмілген зираттарға, оның ішінде Бучаға барып, онда жерленгендер сот, тергеусіз дарға асылған деген қорытындыға келген.

Комиссия қорытындысы бойынша, қылмыстың басым бөлігін орыс әскері жасаған болуы мүмкін.

Комиссия жинақтаған деректер Гааганың қылмыстық істер жөніндегі халықаралық сотындағы материалдарға енгізіледі.

Украина сыртқы істер министрлігінің өкілі Антон Кориневич БҰҰ Адам құқықтары кеңесіне қайырылып, халықаралық трибунал жасау қажеттігін өтінді. Ол қылмысты жасағандармен қатар, Украинаға басып кірген Ресей басшылығын жауапқа тарту қажеттігін айтты.

Ресей делегациясы БҰҰ отырысына бойкот жариялап, қатыспады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG