Accessibility links

Қарағандыда ерте сайлауға қарсы пикет өткізбек болған белсендінің өтініші орындалмады


Азаматтық белсенді Айтқожа Фазылов.

Қарағандылық белсенді Айтқожа Фазылов 23 қыркүйекте жергілікті әкімдікке пикет өткізу туралы хабарлама тапсырды. Ол онда 30 қыркүйекте қаланың екі бөлігінде екі түрлі уақытта екі пикет өткізетінін, бірақ тақырыбы бір болатынын – Нұрсұлтан Назарбаев даңғылын Бейбітшілік бульвары деп атауды талап ететінін жазған. Қарағанды әкімдігі хабарламаны қабылдағанмен жауап бермеген.

Белсендінің айтуынша, ол бұған дейін 13 және 14-хабарлама тапсырған кезде әкімдік пикет өткізуге рұқсат бермеген.

Фазыловтың айтуынша, ол 23 қыркүйекте Қарағандыдағы Тәуелсіздік стелласы маңында жалғыз адамдық акцияға шығып, кезектен тыс президент сайлауына қарсылық білдіргісі келген. Белсенді хабарламаны 13 қыркүйекте тапсырғанмен Қарағанды әкімдігі рұқсат бермеген. Қала әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанованың қолы қойылған хатта белсенді көрсеткен орынның бос болмайтыны, бірақ нақты не өтетіні жазылмаған.

"Қанша қарсылассаңыздар да, қарағандылықтар жеңеді. Бейбітшілік бульвары қайта оралады. Назарбаев даңғылы, кет!" деп жазды әкімдіктің жауабына реакция білдірген белсенді әлеуметтік желідегі парақшасында.

Биыл Айтқожа Фазылов түрлі тақырыпта бейбіт пикет өткізу үшін ондаған хабарлама түсірген. Бірақ билік олардың ешқайсысына рұқсат бермеген. Бірінде "бір орында екі немесе одан да көп пикет өткізуге болмайды" деп түсіндірген. Азаттық тілшісінің "белсенді көрсеткен орында не өтеді, тақырыбы не?" деген сұрағына әкімдік жауап бермеді.

Қаңтар айында Фазылов сотқа шағым түсіріп, 2019 жылы Бейбітшілік бульвары мен Нарманбет Төлепов көшесін біріктіріп, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп атау туралы шешімді заңсыз деп тануды талап еткен. Фазылов соттан Қарағанды облысы әкімдігі мен мәслихатының көше атын өзгерту туралы қаулысын заңсыз деп тануды сұрады. Белсенді билік көше мен бульвар атауын халықпен ақылдаспай өзгертті дейді. Алайда сот шағымды қараудан бас тартқан.

2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін елдің ірі қалаларындағы көшелерге Нұрсұлтан аты берілген, ел астанасы "Нұр- Сұлтан" аталды.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қанды қаңтар оқиғасынан соң Назарбаев атымен аталған көшелер мен астана атауын қалпына келтіру туралы үндеулер айтылды. Қыркүйекте Қазақстан астанасы қайта Астана аталды.

Елде кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. Сайлау қарсаңында Конституцияға арнайы өзгерістер енгізілген. Оған сәйкес, мемлекет басшысы жеті жылға сайлануы тиіс. Тәуелсіз сарапшылар жеті жылдық мерзім президентті экономика және жеке қауіпсіздікте позициясын күшейтуге көбірек алаңдатып, саяси өзгерістерді кейінге шегеруге итермелеуі мүмкін деген қауіп айтады.

XS
SM
MD
LG