Accessibility links

Қаңтар оқиғасында азапталған қырғыз музыканты Викрам Рузахунов тергеу шақыруымен Қазақстанға келген


Қырғызстан музыканты Викрам Рузахунов. 14 ақпан 2022 жыл
Қырғызстан музыканты Викрам Рузахунов. 14 ақпан 2022 жыл

Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптаулар туралы тергеуге қатысу үшін Қырғызстан музыканты Викрам Рузахунов Қазақстанға келген. Ол тергеуге жәбірленуші ретінде қатысады. Бұл туралы ақпаратты Азаттықтың Қырғыз қызметіне Рузахуновтың адвокаты Нұрбек Тоқтахунов растаған.

Рузахунов Қазақстанға бүгін, 26 қыркүйекте келген.

"Викрам Алматы облысына барды. Тергеушімен кездеседі",- дейді Тоқтахунов. Рузахуновқа бүгін Азаттықтың Қазақ қызметі де хабарласты. Ол әзірге қолы бос еместігін айтты.

Викрам Рузахунов Facebook парақшасына өзін азаптаған қазақстандық күш құрылым қызметкерлерінің ешбірі 8 айда қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын жазған.

Биыл Қазақстандағы Қаңтар оқиғасынан кейін әлеуметтік желіде Қырғызстан азаматы Викрам Рузахуновтың 200 доллар ақша алып, дүрбелеңге қатысқаны туралы видео тараған. Қырғызстанның әлеуметтік желі қолданушылары музыкант Викрама Рузахуновты танып, Қазақстан полициясынан босатуды талап еткен.

Осыдан соң Рузахуновты қазақстандық күш құрылым қызметкерлерінің ұрып-соғып, азаптағаны мәлім болған. Музыканттың сөзінше, Қырғызстанға келген соң да ол өзін азаптағаны туралы ашық мәлімдеме жасамаған, өйткені "Алматы абақтысында қамауда жатқан өзі секілді азап көрген қырғызстандықтарға зияным тиеді" деп есептеген.

Биыл шілде айының ортасында Бішкек қаласының Ленинск аудандық ішкі істер бөлімі Рузахуновты азаптау ісі жөнінде тергеуді аяқтаған. Қырғызстан азапталғандар ісі бойынша Қазақстанға наразылық нотасын жіберген. Рузахуновты азаптау ісі жөнінде Қазақстанда да қылмыстық іс ашылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG