Accessibility links

АҚШ "тыңшылық жасады" деп айыптаған Сноуденге Владимир Путин Ресей азаматтығын берді


Владимир Путин АҚШ Орталық барлау басқармасы мен ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденге Ресей азаматтығын берді. АҚШ Сноуденге "тыңшылық жасады" және "мемлект меншігін ұрлады" деген айып таққан еді. Ресей президентінің жарлығы құқықтық ақпарат порталында жарияланған.

Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, Сноуден Ресей азаматтығын сұраған.

Сноуденнің Ресейдегі адвокаты Анатолий Кучеренаның айтуына қарағанда, Сноуден Путин жариялаған ішінара мобилизацияға ілінбейді, өйткені Ресей әскерінде қызмет етпеген. Кучерена Сноуденнің әйелі де Ресей азаматтығын алуға өтініш беруге дайын отырғанын айтқан.

АҚШ Орталық барлау басқармасы мен ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден 2013 жылы Американың электронды тыңшылық бағдарламасы жайлы құпия мәліметтерді жариялаған. Осыдан кейін АҚШ арнаулы қызметі түрлі елдердегі жоғары лауазымды 35 қызметкердің телефон әңгімесін тыңдағаны белгілі болған. Пентагон баяндамасына қарағанда, Сноуден екі миллионға жуық құпия файл ұрлаған.

2013 жылы Сноуден АҚШ-тан қашып әуелі Гонконгқа барған. Кейін Ресейге кетіп, тұрақты тұруға рұқсат алған. 2020 жылы Сноуденнің әйелі ұл туып, оған Ресей азаматтығы берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG