Accessibility links

Батыс елдері Қытайдың аз ұлттарға қысымын БҰҰ Адам құқықтары кеңесінде талқылауды ұсынды


Қытайдағы саяси лагерлерге қамалған туыстарына бостандық сұрап отырған қазақтар. Алматы, 13 қыркүйек 2021 жыл
Қытайдағы саяси лагерлерге қамалған туыстарына бостандық сұрап отырған қазақтар. Алматы, 13 қыркүйек 2021 жыл

АҚШ пен Батыстың бірнеше елі БҰҰ-ның Адам құқықтары кеңесіне Қытайдың Шыңжаң аймағында тұратын ұйғырларға, қазақтар мен өзге де мұсылмандарға жасаған қатыгездігін арнайы талқыға шығаруды ұсынды.

Дипломаттар АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Дания, Финляндия, Исландия, Норвегия мен Швеция ұсынысы мақұлданса, БҰҰ-ның адам құқықтары кеңесінің келесі жылдың басына жоспарланған сессиясында талқылануы мүмкін екенін айтады.

"Адам құқығын бұлайша жүйелі түрде қатыгездікпен аяққа таптағанына көз жұмып отыра алмаймыз, — дейді Ұлыбританияның БҰҰ-дағы елшісі Саймон Мэнли. — Адам құқықтары жөніндегі кеңес мұндайда үнсіз қалмауға тиіс".

Америка Құрама Штаттары Пекинді Қытайды "аз ұлттарға геноцид жасап отыр" деп айыптаған. Қытайда кейінгі бірнеше жылда миллионнан астам адам "саяси қайта тәрбилеу лагерлеріне" қамалған. Шыңжаңның байырғы тұрғындарын жаппай қуғындау әрекеті түрлі дәлелдермен расталған.

Мишель Бачелет БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комиссары қызметінен кетпей тұрып, өткен айда баяндама жариялаған. Баяндамада "Қытай билігінің адамзатқа қарсы қылмыс жасағаны", "адамдарды азаптағаны" айтылған.

Женевадағы адам құқықтары жөніндегі кеңес өкілдерінің хабарына қарағанда, АҚШ пен Батыс елдерінің ұсынысы қалай аяқталары белгісіз. Егер қабылданса, ұйғыр мәселесі БҰҰ адам құқықтары кеңесінде алғаш рет ресми түрде қаралатын болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG