Қазақстанда жұмысқа тұрған Ресей азаматтарының 72 пайызы – қызмет көрсету саласында, 16 пайызы – өнеркәсіп, 9 пайызы – құрылыс, қалған екі пайызы ауыл шаруашылығында істейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Азаттыққа жіберген ресми жауабында осындай мәлімет айтылады. Азаттық ведомствоға "Ресей азаматтарының елге ағылуы еңбек нарығына қалай әсер етеді" деген сұрақ жолдаған.
Дегенмен ресми жауапта Украинада соғыс басталғалы бері қанша Ресей азаматының Қазақстанда жұмысқа орналасқаны жөнінде мәлімет айтылмайды.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанда биыл орташа есеппен айына 820 ресейлікпен еңбек келісімшарты жасалған.
Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесінің мәліметі бойынша, 2022 жылы Қазақстанда 22 мың Ресей азаматы еңбек еткен. Олар міндетті зейнетақы жарнасын төлеп тұрады. Бұл азаматтар уақытша тұру ықтиярхаты болмаса да, еңбек келісімшарты негізінде Қазақстанда тұрып жатыр.
"Жұмыс істеп жүрген ресейліктердің 4 мыңы қазақстандық кәсіпорындармен 2021 жылға дейін еңбек келісімшартына қол қойған. 10,4 мыңы – 2021 жылы, 6,6 мыңы 2022 жылы сегіз айда жұмысқа орналасқан" деп жазылған еңбек министрлігінің Азаттыққа жолдаған ресми жауабында.
Ведомствоның мәліметінше, ресейліктер жиі орналасатын алғашқы үш салаға – сауда және көлік жөндеу (5 406 адам немесе жұмысқа орналасқандардың 25 пайызы), өңдеу өнеркәсібі (2 479 адам немесе 11 пайыз) және кәсіби ғылыми-техникалық қызмет (2 217 адам немесе 10 пайыз) жатады. Еңбек министрлігінің айтуынша, Ресейде жұмыс істеген азаматтардың жартысына жуығы жұмысқа орналастырылған.
Жұмысқа тұрған ресейліктердің едәуір бөлігі Алматы (2 878 адам немесе 10 пайыз) және елдің солтүстігіне — Қостанай (2 440 адам немесе 9 пайыз) және Павлодарға (1 929 адам немесе 7 пайыз) шоғырланған.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, жыл басынан бері электронды еңбек биржасында 157,2 мың жұмыс орнында ғана (жұмыстардың 19 пайызы) қазақ тілін кемінде бастапқы деңгейде білу керек деген талап айтылған.
- Ресейде 21 қыркүйекте президент Владимир Путин мобилизация жариялағалы бері мыңдаған Ресей азаматы көрші елдерге, оның ішінде Қазақстанға да жаппай ағыла бастаған. Соның нәтижесінде қазақ-орыс шекарасында көп шақырымдық көлік кептелісі пайда болды. Қазақстан ІІМ мәліметінше, 21-27 қыркүйек аралығында Қазақстанға 100 мың Ресей азаматы кіріп, 65 пайызы елден шыққан.
- Еңбек министрі Тамара Дүйсенова 26 қыркүйек күнгі брифинг кезінде Ресейден ағылған мигранттар ағыны "ішкі еңбек нарығына кері әсер етеді деп қорқудың қажеті жоқ" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, еңбекке жарамды Ресей азаматтар қатары артып, Қазақстанның стратегиялық салаларына әсер етсе, онда шектеу шаралары (мысалы, жұмысқа алмау) қолданылуы мүмкін.