Accessibility links

Алматыда украиналық топтың концертінде Украина туын жамылған қыз залдан күштеп шығарылды


Украин тобының Алматыдағы концертінде украин туын жамылып тұрған Камилла Еңсегенова. Алматы, 28 қыркүйек 2022 жыл.
Украин тобының Алматыдағы концертінде украин туын жамылып тұрған Камилла Еңсегенова. Алматы, 28 қыркүйек 2022 жыл.

Сәрсенбі күні, 28 қыркүйекте Алматыдағы «Форум» сауда үйінде өткен украиналық «Нервы» рок-тобының концертінде украин туын жамылған Қазақстан жастар ақпарат қызметінің үйлестірушісі, құқық қорғаушы Камилла Еңсегенованы күзетшілер күштеп шығарып жіберген. Бұл туралы Азаттыққа Еңгесенованың өзі хабарлады.

— Концерт басталғаннан кейін 20 минуттан соң, Украина туын үстіме жамылып алдым. Бір кезде бір күзетші келіп, мені жұлқылай бастады. Тағы үш-төрт күзетші тап беріп, бәрі жабылып, мені сол жердегі темір қоршаудан сүйреп шығарды. Үшеуі қолымды жұлқылап, туды тартып алды, — дейді Еңсегенова.

Күзетшілер әңгіме арасында Камиллаға «концерт өтпей тұрып Алматы әкімдігінен ескерту болғанын» айтқан.

— Күзеттің бастығы маған «Сен арандату жасама, саясиландырма» деп айқайлады. «Оның несі провокация? Сүйікті тобым келген елдің туын жамылсам не болады екен?» дедім. Менімен өте дөрекі сөйлесті. «Қандай ту әкелсем де өз құқығым ғой» десем, күзетшілер «бізге әкімдік «қатысушылар қандай да бір [украиналық] символика әкелсе, концерті болдырмайтынын» айтқан» деді. Осы бұйрық жазылған қағазды көрсетуін сұрап едім, үндемеді, — дейді ол.

Еңсегенова концертке бұрын билет сатқан «Тикетон» сайтына хабарласып, украин туын әкелуге тыйым бар-жоғын сұраған. «Болмайды деген ақпарат жоқ» деп жауап берді» дейді Камилла.

— Концертке кірерде сөмкемді күзетшілер ақтарып, тексерді. Ту сонда көрініп тұрған. Ештеңе демей, ішке кіргізді. «Демек бәрі дұрыс» деп ойладым. Менің жейдемде «Русский военный корабль, иди на***! Слава Украине!» деген жазу бар еді. Көзіме украин туымен түстес көк-сары бояу жағып, бетіме Украина туының суретін салып алдым. Оған ештеңе деген жоқ еді, — дейді Еңсегенова.

Камилла шарадан шығып, жедел жәрдем шақырған. Азаттық тілшісінің қолында дәрігерлердің Еңсегенованың «оң қолы көгергенін» жазған қағаз бар. Бұдан соң ол «өзіне күш қолданып, мал сияқты қараған» концерт күзетшілері мен ұйымдастырушысын жауапқа тартуды сұрап, полицияға арыз жазған. Шағымы бойынша онымен әзірше ешкім байланысқа шықпаған.

«Нервы» тобының концерті өткен «Форум» сауда үйіндегі Event Space залының иесі Айдын есімді азамат Азаттыққа Еңсегенованың әрекетін «арандату» деп санайтынын айтты.

— Туды ешкімге көрсетпей кіргізген. Кейін алып шыққан. Кіргізуге болмайды. Бұл — саяси арандату. Бұл жерде Украинаны да, Ресейді де қолдау жоқ. Ол қыз өзін әдепсіз ұстады. Бәрі концертте ән тыңдауға келді. Ол қыз кімге не дәлелдегісі келгенін білмеймін. Оны ешкім ұрған жоқ, — деді ол.

Айдын Азаттықтың «Алматы әкімдігінен шараны саясиландырмау туралы бұйрық болды ма?» деген сұрағына «Әкімдік ұйымдастырушыларға бір хат жіберген. Қазір [сөйлесіп болған соң] қарап көрейін» деп жауап берді. Бірақ кейін хат мазмұны туралы сұрақты жауапсыз қалдырды.

Азаттық Айдыннан залды жалға алып, концерт ұйымдастырған азаматтың контактін де сұраған. Айдын SMS арқылы ұйымдастырушы Азаттыққа «комментарий беруден бас тартқанын» жазды. Зал иесі ұйымдастырушының аты-жөнін атаудан да бас тартты.

Азаттық 29 қыркүйекте түске дейін Алматы әкімдігіне «концертте ұйымдастырушыларға украин туын ұстатпау туралы қандай да бір бұйрық болды ма?» деп сұрау салған. Баспасөз қызметі материал жарияланғанша жауап берген жоқ.

Алматыдағы көпшілік шарада украин туын көтеруге тыйым салу бұған дейін де болған. 1 тамызда Алматыда Украина және Қазақстан әншілерінің қатысуымен өткен Voice of Peace концертінде күзет пен полиция көрермендерден Украина туын тартып алып, Украина символы бар футболка кигендерден киімдерін ауыстыруды талап етті. Концерт ұйымдастырушылары «Украина символдарына Алматы әкімдігі тыйым салды» десе, қалалық мәдениет басқармасы «бәрін ұйымдастырушылар шешеді» деген уәж айтқан.

P.s: Алматы қаласы мәдениет басқармасы бейсенбі күні түстен кейін Азаттыққа аталған концерттің "жеке шара" екенін айтты.

"Алматы қаласы әкімдігі оны ұйымдастырумен айналысқан жоқ. Сәйкесінше [Украина символикасын қолданбау туралы] ешқандай тапсырма берілген жоқ" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG