Accessibility links

Министр Ресеймен шекараны жабу туралы сұраққа жауап берді


Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин 29 қыркүйекте сенат кулуарында қойған журналистің сұрағына эмоциямен жауап берді. Журналист министрге "Қазақстан неліктен Ресеймен шекарасын жаппайды? Шетелдіктердің елге ағылуы көптеген мәселені туындатпай ма?" деген сұрақ қойған.

Министр Ресейден келген адамдарды "бауырлас халық" деп атады.

"Жұрт ауыр жағдайға тап болды. 80 жыл бұрын біздің аталарымыз майданда бірге соғысты. Қазір енді оларға шекара жабық, келмеңдер дейміз бе? Одан кейін жұрттың көзіне қалай көрінеміз? Өзімізді құрметтей аламыз ба? Бұл біздің ұлт ретіндегі болмысымыз ғой. Біз қонақжай халықпыз. Кезінде 100 ұлт өкілін өз жерімізге кіргіздік" деді Жұманғарин. Оның сөзінен жергілікті БАҚ үзінді келтіреді.

Журналистер Ресейде соғыс болып жатпағанын, ол елге ешкімнің шабуылдамағанын айтты. Ал министр "олармен келіспеуге құқығы бар екенін" жеткізді.

Бұдан соң мәселе азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне ойысқан. Министр Қазақстан мен Ресей азық-түлік тиеген қазақстандықтарға "жасыл дәліз" ұйымдастыру мәселесін талқылап жатқанын айтты.

21 қыркүйекте Ресей президенті Путин елде мобилизация жариялаған соң ондаған мың ресейлік елден қашқан. Ресейліктердің көбі қазір Қазақстан, Грузия және Орталық Азия елдеріне кетіп жатыр. Қазақстан ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 21-26 қыркүйек аралығында елге 100 мың Ресей азаматы кірген, 65 пайызы шығып кеткен.

Қазақстан премьер-министрі осы аптада үкіметке ресейліктерге тіркелуге және жұмысқа орналасуына көмектесуді тапсырды.

Еңбек министрі Тамара Дүйсенова 26 қыркүйек күнгі брифинг кезінде Ресейден ағылған мигранттар ағыны "ішкі еңбек нарығына кері әсер етеді деп қорқудың қажеті жоқ" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, еңбекке жарамды Ресей азаматтар қатары артып, Қазақстанның стратегиялық салаларына әсер етсе, онда шектеу шаралары (мысалы, жұмысқа алмау) қолданылуы мүмкін.

Ресейліктердің Қазақстанға ағылуы мәселесіне алаңдап отырған Қазақстан азаматтары да бар. Кейбірі "бүгін босқын келіп келгендер ертең соғыс өртін тұтандыруы мүмкін" деп алаңдайды.

XS
SM
MD
LG