Бұрын вице-премьер болған, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов 29 қыркүйекте журналистермен кездесу кезінде облыс басшысы ретінде қанша жалақы алатынын айтудан бас тартты. Бұл жөнінде Ratel сайты жазды.
– Түсініктеме бермеймін. Мен сізден қанша жалақы аласыз деп сұрамаймын ғой, - деді Ералы Тоғжанов.
Басылым тілшісі Дмитрий Матвеев "журналистер бюджет қызметкері емес" деген кезде Тоғжанов "түсініктеме бермеймін" деген сөзін қайталады.
Журналист одан облыс әкімі мен оның отбасының президент резиденациясында тұруы салық төлеушілер қалтасына қанша салмақ салатыны жөнінде де сұрады. Басылым тілшісі әкімге 10 адам қызмет етеді деген дерекке сүйенді. Тілші "облыс әкіміне бюджетке аз салмақ түсіретін баспана табылмады ма?" деп те сұрады.
—Маған он адам емес, әйелім қызмет көрсетеді. Әйелім мен 2,5 жастағы баламызбен бірге тұрамыз. Қалған балаларым Астанада қалды, - деді Тоғжанов.
59 жастағы Ералы Тоғжанов 2001 жылдан бері мемлекеттік қызмет істеп келеді. Осыған дейін Маңғыстау, Қарағанды облыстарының әкімі, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған. Ол вице-премьер қызметін 2,5 жыл атқарып, ізінше Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалған.
Аймақ басшыларының жалақысы республикалық бюджеттен төленеді. 2021 жылы қарашада Ақтөбе облысының әкімінің (ол кезде облысты Оңдасын Оразалин басқарған) жалақысы салықтар мен міндетті төлемдерді алып тастағанда 1 856 170 теңгені (3 892 доллар) құраған.
Қазақстанда республикалық маңызы бар қалалар, астана мен облыс басшыларын президент тағайындайды. Ол жергілікті орган өкілдіктеріне екі кандидаттың біреуін таңдауды ұсынады. Сыншылар әкімдерді халық тікелей сайлауы тиіс деп аталған норманы сынайды. Қазақстанда белсенділер ұзақ жылдардан бері әкімдер сайлауын өткізуге үндеу жасап келеді.