Accessibility links

Қарағанды әкімдігі Назарбаев даңғылының атауын өзгертуді талап етпек болған белсендінің 15-өтінішін кері қайтарды


Айтқожа Фазылов.
Айтқожа Фазылов.

Қарағанды әкімдігі Назарбаев даңғылының атауын өзгертуді талап етіп, пикет өткізбек болған белсенді Айтқожа Фазыловтың акция жөнінде 15-ескерту-хабарламасын кері қайтарды. Бұл жөнінде Азаттыққа белсендінің өзі хабарлады.

75 жастағы белсенді 30 қыркүйекте қаланың екі бөлігінде екі түрлі уақытта екі пикет өткізгісі келген.

— Тоқаевтың "әкімдікті ескертіп қана, акция өткізуге болады" дегені қалай жүзеге асатынын кезекті рет тексеріп көргім келді. Әкімдік ол жердің жеке аумақ екенін айтып, кері қайтарды, деді жұма күні Айтқожа Фазылов Азаттыққа.

Белсенді енді өнеркәсіп аумағында пикет өткізетінін айтып, ескерту хат тапсырмақ. Себебі, билік осыған дейін қаладағы өзге орындардың барлығында (арасында митинг өткізуге арналған аумақ та бар) акция өткізуге рұқсат бермеген.

—Президент шетел басылымына берген сұхбатында бізде митинг өткізу үшін рұқсат сұраудың қажеті жоқ, тек ескерту өткізсе ғана жеткілікті деген. Бірақ жеме-жемге келгенде билік ескерту хатқа қарамайды, – дейді Айтқожа Фазылов.

Ол "бар билік Назарбаевтың қолында болды, қазір де сол күйінде қалды, ал оның маңындағылармен болып жатқан нәрсе әншейін, көзбояушылық" деп санайды. Ол мысал ретінде экс-президенттің немере інісінің қылмыстық қудалануы мен астана атауын өзгерту туралы шешімдерді атап өтеді.

Бір күн бұрын белсенді даңғылдың бұрынғы атауын қайтаруды талап етіп, қол жинай бастаған. Жиналған қолды әкімдік пен қала және облыстық мәслихатқа жіберуді жоспарлап отыр.

Биыл Айтқожа Фазылов түрлі тақырыпта бейбіт пикет өткізу үшін көп хабарлама түсірген. Бірақ билік олардың ешқайсысына рұқсат бермеген. Бірінде "бір орында екі немесе одан да көп пикет өткізуге болмайды" деп түсіндірген.

Қаңтар айында Фазылов сотқа шағым түсіріп, 2019 жылы Бейбітшілік бульвары мен Нарманбет Төлепов көшесін біріктіріп, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп атау туралы шешімді заңсыз деп тануды талап еткен. Фазылов соттан Қарағанды облысы әкімдігі мен мәслихатының көше атын өзгерту туралы қаулысын заңсыз деп тануды сұрады. Белсенді билік көше мен бульвар атауын халықпен ақылдаспай өзгертті дейді. Алайда сот шағымды қараудан бас тартқан.

2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін елдің ірі қалаларындағы көшелерге Нұрсұлтан аты берілген, ел астанасы "Нұр- Сұлтан" аталды.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қанды қаңтар оқиғасынан соң Назарбаев атымен аталған көшелер мен астана атауын қалпына келтіру туралы үндеулер айтылды. Қыркүйекте Қазақстан астанасы қайта Астана аталды.

Елде кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. Сайлау қарсаңында Конституцияға арнайы өзгерістер енгізілген. Оған сәйкес, мемлекет басшысы жеті жылға сайлануы тиіс. Тәуелсіз сарапшылар жеті жылдық мерзім президентті экономика және жеке қауіпсіздікте позициясын күшейтуге көбірек алаңдатып, саяси өзгерістерді кейінге шегеруге итермелеуі мүмкін деген қауіп айтады.

XS
SM
MD
LG