Accessibility links

Астанада "Тоқаевқа қастандық жасамақ болды" деп айыпталған адамға үкім оқылды


ҰҚК-ның "шетел барлау қызметі агентін" ұстаған сәті. 3 наурыз 2022 жыл. Сурет ҰҚК сайтынан алынған.
ҰҚК-ның "шетел барлау қызметі агентін" ұстаған сәті. 3 наурыз 2022 жыл. Сурет ҰҚК сайтынан алынған.

30 қыркүйекте Астанада "Тоқаевқа қастандық жасамақ болды" деп айыпталған адамға үкім оқылды. Астана соты "мемлекетке сатқындық жасады", "теракт жасамақ болды" және өзге де ауыр баптар бойынша айыпталған А есімді адамды 17 жылға бас бостандығынан айырды.

Астана сотының хабарлауынша, ол бірнеше бап бойынша кінәлі танылып, төмендегідей жаза тағайындалған:

  • "мемлекетке сатқындық жасау" – 11 жыл;
  • қару-жарақ, жарылғыш заттарды заңсыз алу, сақтау және тасымалдау – 7 жыл;
  • оқ-дәрі, жарылғыш затты заңсыз дайындау – 4 жыл;
  • ҚР президентінің өміріне қол сұғуға дайындық жасау – 10 жыл;
  • Терроризм актісін дайындау – 10 жыл;
  • Құқық қорғау органдары, мемлекетті орган мен әскери қызметкерлердің өміріне қол сұғуға дайындалу – 10 жыл;
  • Есірткі заттарын заңсыз алу – 5 жыл;
  • Шекарадан қару-жарақ жасырын өткізу;

Сот жаза мерзімдерін ішінара біріктіріп, түпкілікті 17 жыл түрме жазасын тағайындаған.

Айыпталушы қауіпсіздігі жоғары түрмеде жазасын өтейді. Сот үкімі әлі күшіне енбеген.

Сот жабық өткендіктен sud.kz сайтында үкім де жарияланбады.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, айыпталушының аты-жөні Аян Атығаев. Журналист Михаил Козачков биыл сәуірде ұсталған Атығаевтың адвокаттық лицензиясы болғанын жазған. Кейбір БАҚ журналистік зерттеу жасап, Атығаевтың бұрын бірқатар басылымдарда істегенін, энергетика министрлігінің баспасөз қызметінде де істегенін жазған. Оны білетін журналистер "қарапайым", "көп сөйлемейтін", "екі иығына екі кісі мінгендей денелі, бойы екі метр жігіт" деп сипаттайды.

Биыл сәуірдің басында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұр-Сұлтан қаласында "Тоқаевқа қастандық жасауды көздеген, әлеуметтік желіде "русофобияны" насихаттаған, есірткісі бар "шетел агентін" ұстағанын хабарлаған. Сол кезде ҰҚК күдіктінің Қазақстан азаматы екенін, "шетел агенті" ретінде жасаған қылмысын мойындағанын мәлімдеген.

Сот процесі 27 тамызда басталып, шамамен бір айға созылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG