Accessibility links

ЖСДП кезектен тыс президент сайлауына үміткер ұсынды. Қуанышәлин мен Қайсардың кандидатурасы "қолдау таппады"


ЖСДП атынан кезектен тыс президент сайлауына түсетін Нұрлан Әуесбаев (ортада тұр). Астана 1 қазан 2022
ЖСДП атынан кезектен тыс президент сайлауына түсетін Нұрлан Әуесбаев (ортада тұр). Астана 1 қазан 2022

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының атынан президент сайлауына Нұрлан Әуесбаев қатысады. Мұндай шешім 1 қазанда партияның астанада өткен съезінде қабылданды. Партия делегаттары оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин мен бұрынғы сенат депутаты Уәлихан Қайсардың кандидатурасын қолдаудан бас тартты.

Сенбі күні съезге қатысқан 49 делегаттың 48-і Әуесбаев кандидатурасын қолдады.

65 жастағы Нұрлан Әуесбаев ЖСДП-ның астана бөлімшесін басқарады. Партия таратқан хабарламада Түркістан облысында туған, қазір астанада тұратын Әуесбаевтың кезінде жергілікті атқару органдарында түрлі жауапты қызмет атқарғаны жазылған. Бірақ нақты қай мекемелерде қашан қандай қызмет істегені көрсетілмеген.

1 қазан күні съезде партия атынан сайлауға түсуге саясаткерлер Жасарал Қуанышәлин мен Уәлихан Қайсардың да өтініш білдіргені белгілі болды. Алайда партия делегаттары олардың кандидатурасын қолдамады. Олардан бөлек, саяси ұйым атынан сайлауға қатысуға экономист Оразалы Сәбден мен заңгер Мустахим Төлеев те ниет білдірген. Оларға да ешкім дауыс бермеді.

Қазақстан заңы бойынша, президенттіктен үміткерді тіркелген республикалық ұйым ұсынуы тиіс. Жасарал Қуанышәлин бастаған бір топ белсенді осыған дейін "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеуге тырысқанмен бірнеше рет өтініші кері қайтарылған. Партия мүшелері министрліктің әрекетінен саяси астар іздеген. Билік жоққа шығарған.

2007 жылы ресми тіркелген, өзін "оппозициялық партия" Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 2015 және 2019 жылы өткен президент сайлауларына бойкот жариялаған. Саяси ұйым 2021 жылы өткен парламет сайлауына да қатысқан жоқ. Қоғамда :тіркелгеніне көп жыл болса да, белсенділігі төмен" бұл партияны биліктен басқарылады деп санайтындар да бар. Ал партия өкілдері мұны жоққа шығарады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте күзде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған. Өткен аптада сайлаудың 20 қарашада өтетіні белгілі болды. Кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталған.

Бір күн бұрын "Ауыл" партиясы 67 жастағы Жигули Дайрабаевты саяси ұйым атынан сайлауға қатысатын кандидат ретінде бекіткен.

Сайлау қарсаңында президент бастамасымен Конституцияға өзгерістер енгізіліп, президент өкілеті жеті жылдық бір мерзіммен шектелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG