Моңғолияның көші-қон агенттігі ықтиярхат сұраған ресейліктердің өтінішін орындауға әзір екенін мәлімдеді. Бұл жөнінде агенттік жетекшісі Нэргуйн Ууганбаяр хабарлады.
Оның айтуынша, Моңғолияда ықтиярхаттар 56 категорияға жіктеледі. Өтініш түсірген Ресей азаматтарына сәйкес құжат беріледі.
21 қыркүйекте Ресей басшысы Владимир Путин Украинадағы соғысқа арнап мобилизация жүргізетінін жариялағаннан кейін ресейліктер өзге елдермен қатар Моңғолияға да ағылған. Содан бері елге алты мыңнан астам Ресей азаматы кірген деп айтылады. 750 адамның елде болу мерзімі ұзартылған. Мыңнан астамы ықтиярхат алу мәселесі бойынша кеңес алған.
Мобилизациядан қашқандардың басым бөлігі Қазақстанға кіріп жатыр. Қазақстан ІІМ мәліметінше, 21-27 қыркүйек аралығында 100 мың ресейлік елге кірген. 1 қазан күнгі үкімет отырысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов 29 қыркүйекте Қазақстанға – 22,5 мың, 30 қыркүйекте 14,9 мың Ресей азаматы кіргенін мәлімдеді. Биліктің тұжырымдауынша, келгендердің басым бөлігі үшінші елге кетіп жатыр.
Ресейліктердің кейбірі Орталық Азияның өзге елдерін таңдап жатыр. Көптеген мигрант соғысып, адам өлтіргісі келмейтінін және опат болғысы келмейтінін айтады.