Accessibility links

Politico: Киевтің НАТО-ға қосылу туралы мәлімдемесі Ақ үй үшін күтпеген жайт болды


"Киев НАТО-ға жеделдетілген рәсім арқылы қосылуға күш салады" деген Украина президентінің мәлімдемесі АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі үшін күтпеген жайт болды. Бұл жөнінде әкімшіліктің аты-жөнін айтпаған өкіліне сүйенген Politico басылымы жазды.

Басылымның хабарлауынша, Украинаның НАТО-ға қосылуы туралы мәселе Вашингтон үшін күрделі мәселе, себебі Солтүстікатлантикалық одақ келісімінің 5-бабы НАТО мүшелерінің одақтың кез келген мүшесіне қарсы агрессияға жауап беруді қарастырады. Ал АҚШ әкімшілігі Украинаны қолдаса да, Ресеймен соғысуға ұмтылмайды.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің НАТО-ға кіру жайлы мәлімдемесіне түсініктеме берген Байденнің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан "қазір бұл мәселемен айналысатын кез емес" деді. Оның айтуынша, АҚШ бұрынғыша НАТО-ға қабылдау бойынша ашық саясат ұстанады, алайда нақты жағдайда Украинаға Ресей басқыншылығына төтеп беру үшін іс жүзінде көмек беру әлдеқайда маңызды болып тұр.

АҚШ өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Украина "қауіпсіздік кепілдігін" алу тиіс дегенмен Украинаны НАТО-ға қосуды қолдау жөнінде ештеңе демеді. Жуырда Киевте болған конгрессмен-демократ Майк Квигли Украинаның өтінішін тіке қолдап, НАТО демократияны авторитарлы режимдерден қорғауы қажет деді.

Жұма күні Ресей президенті Владимир Путин Украинаның төрт аймағын аннексиялағаны жөнінде мәлімдегеннен кейін Украина басшысы Владимир Зеленский Киев НАТО-ға жеделдетілген рәсіммен өтініш тапсырады деп хабарлады.

Зеленскийдің мәлімдемесіне түсініктеме берген НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг "НАТО есігі барлық демократиялық елдерге ашық, алайда қазір НАТО-ның басты мақсаты Украинаны қолдауды жалғастыру" деді. Бас хатшы НАТО-ның Ресеймен соғысқа араласпай отырғанын да атап өтті.

Украинаны НАТО-ға жедел қосуды осыған дейін Балтық елдері мен Канада қолдаған. Ал Германия керісінше қолдауға асықпаған. НАТО құрамына жаңа мүше алу үшін әскери одаққа мүше елдердің барлығы үміткер елдің өтінішін қолдауы тиіс. Қазір Швеция мен Финляндияны НАТО-ға қосу процедурасы жүріп жатыр.

Украинаның НАТО-ға қосылмауы соғыс басталмай тұрған шақта Ресей қойған талаптардың бірі болатын. Ресей басқыншылығынан кейін бірнеше аптадан соң өткен Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөз барысында Мәскеу "қауіпсіздік кепілдіктері" туралы айтқан болатын. Келіссөз нәтижесіз аяқталған.

XS
SM
MD
LG