Accessibility links

Болгарияда іске қосылған жаңа құбыр Ресей газына "тәуелділіктен құтылу" ретінде қабылданды


Газ құбырының іске қосылуына байланысты Софияда өткен салтанатты рәсім. 1 қазан 2022 жыл.
Газ құбырының іске қосылуына байланысты Софияда өткен салтанатты рәсім. 1 қазан 2022 жыл.

1 қазанда Грекиядан Болгарияға баратын газ құбыры іске қосылды. Софиядағы салтанатты рәсімге Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен, Болгария, Сербия, Солтүстік Македония және Әзербайжан басшылары, Румыния мен Грекия үкімет жетекшілері қатысты.

Жаңа газ құбырының көмегімен Болгарияға енді Әзербайжаннан 3-5 млрд текше метр газ, бұған қоса Грекиядан сұйытылған газ тасымалданады.

Жоба мақсаттарының бірі – Болгарияның Ресей газына тәуелділігін азайту. Дәл осы мәселеге өз сөзінде Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен назар аударды. Ол құбырды Болгарияның энергетика қауіпсіздігі үшін "шешуші сәт" деп атап, Болгария және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерінің барлығы үшін "жаңа дәуір басталғанын" айтты.

"Бұл Ресей газына тәуелділіктен арылуды білдіреді" деді Еурокомиссия жетекшісі.

"Болгария мен Еуропаның барлық бөлігінде жұрт Ресей ашқан соғыстың салдарын сезіп жатыр, алайда осындай жоба арқасында Еуропада қыста газ жеткілікті болады" деді ол.

Азаттықтың Болгар қызметінің хабарлауынша, газ құбыры оны тарту жөнінде идея пайда болғалы бері 13 жылдан соң іске қосылып отыр. 2009 жылы қыста Ресей Украина арқылы Еуропаға газ тасымалдауды біржақты түрде тоқтатып, аймақты бір апта бойы газсыз қалдырған. Бес ай бұрын Ресей "Газпроммен" рубль арқылы есеп айырысудан бас тартқаны үшін Болгарияға газ тасымалдауды тоқтатқан.

Болгария жылына 3 млрд текше метр газ тұтынады. Газ құбырының қуаты 5 млрд текше метрге дейін ұлғайтылуы мүмкін, бұл артық газды Болгариядан өзге елдерге, оның ішінде Румыния, Молдова немесе Украинаға тасымалдауға мүмкіндік береді.

Грекияның Комотини қаласынан Болгарияның Стара-Загора қаласына дейін созылатын 182 шақырымдық газ құбырының құрылысы 2019 жылы басталған. Оны Еуроодақ жартылай қаржыландырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG