Accessibility links

Қырғызстан Еуропа одағынан Тәжікстанның шекарадағы "арандату әрекетін" мәжбүрлеп тоқтатуды сұрады


Баткен облысы Лейлек ауданындағы Достық ауылы. Тәжікстанмен шекарадағы қарулы қақтығыс салдары. Қыркүйек 2022 жыл
Баткен облысы Лейлек ауданындағы Достық ауылы. Тәжікстанмен шекарадағы қарулы қақтығыс салдары. Қыркүйек 2022 жыл

Қырғызстанның омбудсмені Әтір Абдрахматова Еуропа одағының адам құқығы жөніндегі өкілі Имон Гилмормен телефон әңгімесінде Тәжікстанды "шекарадағы қырғыз ауылдарына қарулы шабуыл жасап, арандатуды тоқтатуды" мәжүбірлеуге шақырған. Бұл жөнінде омбудсмен аппаратының Facebook парақшасында жарияланған.

Әңгіме кезінде омбудсмен әріптестерімен бірге Баткен облысындағы қақтығыстан зардап шеккендердің бәрін аралағанын айтқан.

"Арасында балалар мен қариялар, әйелдер мен мүгедектер бар 140 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Бірнеше ауыл адамдарының қайтып баратын үйлері де жоқ. Олардың үйлерін тонап, өртеген, малын ұрлап кеткен", - деп жазады құқық қорғаушы.

Абдрахматова Гилмордан "Баткен облысының бейбіт тұрғындарына қатыгездікпен қарулы шабуыл жасаған Тәжікстанды айыптап, шекарадағы ауылдарды арандатуды тоқтатуға мәжбүрлеуді" сұраған.

14–17 қыркүйек аралығында Қырғызстан мен Тәжікстан әскері арасында ауқымды қақтығыс болған. Қырғызстанның 62 азаматы өліп, 200-ге жуық адамы жараланған. Жүздеген үй мен әлеуметтік ғимараттар, әскери нысандар қирап қалған. Тәжікстанмен шекаралас ауылдарда тұратын 140 мыңнан астам адам қауіпсіз аймаққа көшірілген.

Тәжікстан сыртқы істер министрлігі қақтығыс кезінде 41 азаматы өлгенін хабарлаған. Азаттықтың Тәжік редакциясы - Радио "Озоди" қақтығыста өлген Тәжікстанның 74 азаматының тізімін жасап, шекарадағы тәжік ауылдарының өртенгені жайлы мәліметтер жариялаған.

Екі тараптың мәліметтерін бейтарап көздер арқылы тексеру әзірге мүмкін емес. Жанжалға екі жақта бір-бірін кінәлаған.

Қырғызстан мен Тәжікстанның 970 шақырымға жететін шекарасының біршама бөлігі әлі күнге анықталмаған. Осыған байланысты екі елдің шекарашылары мен шекарадағы ауыл тұрғындары арасында суға, жерге байланысты жанжал жиі болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG