Accessibility links

Алматы соты Болат Назарбаевпен байланысты "Барыс-4" базарын мемлекетке қайтарды


"Барыс-4" базары. Алматы.
"Барыс-4" базары. Алматы.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты "Найза-БН" компаниясының жарғы капиталындағы мемлекет үлесін сатып алу – сату туралы келісімшарттың күшін жойды. "Бұл компания "Барыс-4" ірі көтерме базарының иесі деп көрсетілген" деп хабарлайды Алматы сотының баспасөз қызметі.

Сот прокуратураның "Барыс-4" көтерме базары жекешеленгенін заңсыз деп тану туралы талап арызын қанағаттандырған.

Қаржы министрлігінің ақпаратына қарағанда, "Найза- БН" құрылтайшыларының бірі - Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев.

Талап арыз түсіруге "заңды тұлғаның жарғы капиталындағы мемлекет үлесін жекешелендірген кезде өкілетті мемлекеттік органдардың заңсыз жеңілдіктер мен басымдықтар бергені" негіз болған. "Сот талқылауы кезінде талап арызда келтірілген уәждер дәлелденді" дейді сот хабарында.

Жергілікті БАҚ мәліметіне қарағанда, базар бір жарым миллион долларға(үш миллион долллардан астам) бағаланған, бірақ оны небәрі 307 миллион теңгеге (640 мың доллар шамасы) сатқан.

Сот шешімі әзірге күшіне енбеген.

Orda.kz порталының мәліметіне қарағанда, бұрын базар сатушылары "базардағы монополия жөнінде арызданған". Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануымен күрес жөніндегі комиссия биыл шілдеде базарды мемлекетке қайтаруды көздеп отырғанын айтқан.

Tengrinews.kz басылымының хабарлауынша, ақпан айында көтерме базар сатушылары "базар әкімшілігі базарға тек өздері қалаған фирмалардың өнімдерін кіргізеді" деп шағымданған. Олардың сөзінше, соның салдарынан кейінгі бес жылда сауда айналымы күрт төмендеген.

Алматыдағы "Алтын Орда" базарын да Болат Назарбаевпен байланыстырады.

Болат Назарбаев — Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі. Ресми ақпарат бойынша 238 адам өлген биылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен оған жақын адамдардың биліктегі ықпалы әлсірей бастағаны туралы түрлі болжам айтылған.

Назарбаевтың кейбір туыстары лауазымды қызметтерден алынып, кейбірі түрмеге қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG