Accessibility links

"Жұртшылықпен кездесу дейді, жұрттың өзі қайда?". Қарағандыда белсенділер Тоқаевпен кездесудің көпке хабарланбағанын сынады


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қарағандыда журналистер, блогерлер мен белсенділер "президенттің жұртшылықпен кездесуі" атты шараның көпке хабарланбағанына наразылық білдірді. Кейбір азаматтар ғана шақырылған кездесу Қарағандыда 5 қазанда түске дейін өтіп кеткен.

Жергілікті ақпарат құралдарына кездесу жөнінде кеш хабарланған. Облыс әкімдігі "президент телерадиокешені ғана істейді" деп мәлімдеп, "шара біткеннен кейін ақпаратты тарататынын" айтқан.

Бұған бірінші болып қарағандылық журналист Диана Сапарқызы назар аударды. Ол Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің чатында кездесудің неге көпке хабарланбағаны туралы сұрақ қойды. Ізінше өзге журналистер де сұрақтар жаудырып, наразы болды.

—Таңертең Facebook'ты ашып, [шара жөнінде] президенттің баспасөз хатшысынан білдім. Ол президенттің Қарағанды облысы халқымен кездесетінін жазды. Бірақ неге екені белгісіз, мен, қала белсендісі кездесу жөнінде білмеймін. Өткір мәселесі бар тұрғындар осы жиын жөнінде біліп, сұрақтарын қоя алса деп едім. Президентпен кездесу осылай болуы керек еді. Оның үстіне жұртшылықпен кездеседі деп жазып қойды, сол жұрттың өзі қайда? Бұл кездесудің болатыны жөнінде ешқандай хабарландыру көрген жоқпын. Президент аппараты неге осылай істейді? Ендеше шараны "халықпен кездесу" емес, басқаша атауы керек еді, – деді Диана Сапарқызы Азаттыққа.

Қарағанды облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі, белсенді Анастасия Машнина Азаттыққа кездесу жөнінде кездейсоқ білгенін, бірақ кіре алмағанын айтты.

—Кездесу болатынын білген жоқпын, тек президенттің келетінін естігенмін. Түнде кездесуде қоғамдық кеңестің де болатынын білдім. Таңертең "бұл на кастинг, неге бәріне айтпады" деп сұрай бастадым. Үнсіздік. Одан кейін қоғамдық кеңестің екі мүшесі наразы болды. Кімнің қашан таңдалғаны мен үшін жұмбақ, – деді Машнина.

Әлеуметтік желілерде блогерлер мен журналистер аталған кездесуді сынады.

"Аймақ белсенділерінің бірі ретінде залда отыруға лайық емеспін бе?" деп жазды қарағандылық белсенді Бақтияр Омарханов Фейсбук парақшасында.

Ресми БАҚ-та тараған суреттерде президенттің мінберде сөйлеп тұрғаны, залда отырғандардың оны үнсіз тыңдап отырғаны көрінеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз қызметі 5 қазанда кездесуден соң ақпарат таратып, президент "Қарағанды облысын дамытуда басымдық беретін" мәселелерді атап өткенін айтты. Арасында өңдеу өнеркәсібін қолдау, аймақтың транзит-көлік потенциалын арттыру, моноқалаларды дамыту, экологияны жақсарту, өнеркәсіп орындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су мәселесін шешу, ауыл шаруашылығын, инфрақұрылымды дамыту, білім, спорт, мәдениет саласын жетілдіру де бар.

Алайда осы сияқты аймақ үшін маңызды – тамыз бен қыркүйекте президентке мәлімдеме жасап, көмек сұраған шахтерлардың жағдайы, "АрселорМиттал Теміртау" және "Қазақмыс" компаниясында өндіріс жарақатын алып, мүгедек болғандардың жан айқайы жөнінде толық айтылған жоқ. Президент оны тек "мұқият қарастырылуы тиіс" ауыр мәселе деп атады.

Қарағандыдағы кездесуден соң Тоқаев Павлодар облысына барды.

XS
SM
MD
LG