Accessibility links

Елдос Сметов пен Әбиба Абужақынова ӘЧ қола алды. Әбиба – әлем біріншілігінде жүлде иеленген алғашқы қазақ қызы


Қазақстандық дзюдошы Әбиба Абужақынова (Суретті түсірген Сали Сабиров)
Қазақстандық дзюдошы Әбиба Абужақынова (Суретті түсірген Сали Сабиров)

Дзюдодан Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Әбиба Абужақынова әйелдер арасында 48 келіде, ал Елдос Сметов ерлер арасында 60 келіде қола жүлдегер атанды.

Абужақынова екінші айналымда бразилиялық Аманда Лиманы, үшінші айналымда франциялық Ширин Буклиді, ширек финалда сербиялық Милица Николичті жеңді. Ал жартылай финалда жапон Натсуми Цунодадан (былтырғы әлем чемпионы) жеңілді. Әбужақынова қолаға таласта чилилік Мари Де Варгастан басым түсті.

Абужақынова - дзюдодан әлем чемпионатында жүлде алған алғашқы қазақ қызы. Бұған дейін әлем чемпионатында Қазақстан құрамасынан Моңғолиядан ауысқан Галбадрах Отгонцэцэг екі рет қола (2017, 2018) қол медаль иеленген еді.

Ал Ташкенттегі әлем чемпионатында 60 келіде белдескен Сметов алдымен әзербайжандық Карамат Хусейновты, израильдік Матан Коколаевты жеңді. Ширек финалда тайпейлік Ян Юн Вэйден жеңілді. Бұл белдесуден кейін Сметовтың иығы жарақаттанғаны байқалған еді. Бірақ ол жұбаныш белдесуіне шығып, испаниялық Франсиско Гарригосты, қолаға таласта өзбекстандық Дилшодбек Баратовты жеңді.

  • Сметов 2016 жылы Рио олимпиадасында күміс медаль, Токио-2020 олимпиадасында қола жүлде алған. 2015 жылы әлем чемпионы атанған, 2019 жылғы әлем біріншілігінде қола медаль иеленді.
  • Әбиба Абужақынова биыл Астанада өткен Азия чемпионатында 48 келіде күміс жүлде иеленген еді.
  • Ташкенттегі әлем чемпионаты 13 қазанда аяқталады. Бұл жарысқа Қазақстаннан 17 дзюдошы (9 ер, 7 әйел) қатысып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG