Accessibility links

Өзбекстанда Термез қаласының әкімі "мемлекет қаржысын жымқырды" деген күдікпен ұсталды


Исроил Худойбердиев
Исроил Худойбердиев

Өзбекстанда Термез қаласының әкімі Исроил Худойбердиев "мемлекет қаржысын жымқырды" деген күдікпен ұсталды. Бұл жөнінде Азаттықтың Өзбек қызметіне аты-жөнін атамаған шенеунік хабарлады.

Оның айтуынша, Исроил Худойбердиев 21 қыркүйекте қызметінен кеткен және қазір оның орынбасары Ғайрат Еламанов та қамауда отыр. Өзбекстан бас прокурорына жақын дереккөзі Азаттыққа Худойбердиевке қозғалған қылмыстық іс 2020 жылы Ауғанстанмен шекараға жақын қаладағы ірі азық-түлік базарының құрылысымен байланысты екенін айтты.

Айыптау қорытындысында 14 млрд 800 млн сум (шамамен 1,3 млн доллар) тұратын құрылыс нысанына бөлінген миллиардтаған сум заңсыз жаратылғаны айтылған, дейді дереккөз.

Худойбердиев қала басшысы қызметінен 21 қыркүйекте алынды. Оның орнына Уктам Тураев тағайындалған.

Худойбердиевтің қамалуы президент Шавкат Мирзияевтің кейінгі он күн ішінде 14 қала мен аудан басшыларын қызметінен алып, "тазарту" жүргізген шақпен тұспа-тұс келіп отыр.

Лондонда тұратын сарапшы Әлішер Илхамов Азаттыққа Орталық Азияда халқы ең көп мемлекетте әкім-қаралар арасында жемқорлықтың жиі кездесуі үлкен мәселе екенін айтты. Ол басқару жүйесінде ашықтық жоғын сынады.

Илхамовтың пікірінше, егер әкімдерді Ташкент емес, халық сайлаған болса, сайлаушылары алдында көбірек есеп беріп, ашық болуға тырысар еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG